Оңтүстік Еуропада аптап ыстықтың беті қайтпай тұр

Оңтүстік Еуропада күн шыжып тұр.

Оған Африкадан келген антициклон себеп. Ал Испанияда қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды. Кейбір өңірде ауа температурасы 43 градусқа дейін жеткен. Көрші Португалияда 40 муниципалитетте күннің ыстығына байланысты өрт қаупі туралы ескерту жасалды. Италияда аптап салдарынан 4 адам қайтыс болды. Елдің 17 қаласында қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланған. Аптап ыстық Римге демалуға келген туристерді де әбден әбігерге салды.

Лилит Ананян, Армениядан келген саяхатшы:

- Мен Армениядан келдім. Бізде де жазда күн ыстық. Оның үстіне ылғалдылық жоғары. Бірақ Римдегі мынадай ми қайнатар ыстыққа шыдау мүмкін емес. Ал баратын туристік орындар өте көп.

 

Грекияда ыстықтан кәсіпкерлер шығынға батты

Грекияның кейбір өңірлерінде ауа температурасы 43 градусқа дейін жеткен. Салдарынан ел астанасы Афиныда туристік орындардың жұмыс уақыты шектелді. Елде кейінгі күндері орман өрті жиілеп кеткен. Ал мамандар ай соңына дейін аптап ыстықтың беті қайтпайтынын ескертіп отыр. Бұдан кәсіпкерлер шығынға батқанын айтып налиды.

Джордж, мейрамхана қызметкері:

- Күннің ыстығынан біздің бизнесіміз зиян шегіп отыр. Өйткені мейрамханаға келушілер азайып кетті. Қонақтар ары кетсе 15 минут отырады да, кетіп қалады.