Еуропа 2030 жылы тек электромобиль мінетін болады

Электромобильдің ұтымдылығы сол – ауаға бөлінетін зияндық қалдық мөлшері анағұрлым аз.

Жыл сайын ауаның ластануынан 10 миллионға жуық адам көз жұмады. Ал атмосфераға таралатын зиянды қалдықтың 85 пайызы дәстүрлі отынмен жүретін көліктен келеді. Бұл ретте көмірқышқыл газынан қалай құтыламыз деп, бас қатырып жатқан ел көп. Мәселен, Норвегия 2030 жылға қарай көлік пен өндірістен бөлінетін зиянды газды азайтып, көміртекті бейтараптыққа жеткен әлемдегі алғашқы қала болуға ниетті.

Нидерланд велокөліктен жылына 20 млн доллар үнемдейді

Нидерланд, Амстердам

Экологияның жайын голландтар 2 ғасыр бұрын ойлап қойған. Халық төрт дөңгелекті темір тұлпардан гөрі екі дөңгелекті велосипед тепкенді жөн көреді. Тұрғынынан велосипеді көп ел дерсіз. Мұнда 17 млн адам, 23 млн велосипед бар. 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Нидерланд көлік институты жасаған талдау бойынша автокөліктен велосипедке көшу орта есеппен автожолдарда бір шақырымына 150 грамм көмірқышқыл газын шығаруды тежеген. Әрі велокөлік мінудің тиімділігінен ел бюджеті жылына 20 млн доллар үнемдеуге қол жеткізген.

Еуропалықтар 2030 жылы тек тоқпен жүретін көлік мінеді

Еуропада трамвай жолдарына көгалдар төселген. Ол көлік шуын бәсеңдетеді. Мұндай трамвай жолдары алғаш 1924 жылы Ливерпульде пайда болғанымен, еуропалықтар кейінгі жылдары бұл технологияны жаппай қолдануға көшкен. Жалпы, Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай, көліктен шығатын дыбысты 30 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр. Шаралар басталып та кетті. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек,  автокөліктердің дабылы, сиреналар мен пойыздардың дауысы әлемдегі экологиялық мәселенің ең өзектісі. Әсіресе адам денсаулығына келтірер залалы дәлелденген.

ЦИТАТА

Кез келген шудың деңгейі күндіз 55, түнде 40 децибелден аспау керек. Ал дыбыс қарқынының бүкіләлемдік шкаласында жеңіл көліктен шығатын дыбыс - 70 децибелге тең; жүк көліктері 80 децибелді көрсетеді. Егер шу деңгейі 85 децибелден асса, 8 сағат ішінде адам ағзасына әсер етеді. Дәлірек айтқанда, көлік шуы гипертонияға, яғни қан қысымының жоғарылауына әкеп соқтырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

Испанияда ескі көлікке есік жабық

Қазір Кәрі Құрлық қалаларына ескі көліктер кіргізілмейді. Мәселен, Испанияда ескі көлікке жол жоқ. Мадрид пен Барселонада 2000-2006 жылдардағы бензинмен, дизельмен жүретін көліктердің қозғалысына былтыр жыл соңында тыйым салынды. Ережеге бағынбаған жүргізуші 900 евро айыппұл төлейді. Тек электр қуатымен жүретін көліктерге ғана шектеу жоқ. Бұл тыйым Еуропалық Комиссияның 2050 жылға қарай жасыл экономикаға көшуге арналған кешенді жоспардың бір парасы. Сондай-ақ, ұйым 2030 жылға қарай Еуроодақтың 27 елінде бензин, дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салмақ. Ал көліктердің зиянды шығарындыларын 55%-ға азайтуға ниетті. 

ЦИТАТА

Жасыл экономика - жарқын болашақ. Бізден кейінгі жас ұрпақ қамы үшін, оларға үлгі болу үшін, қазірден әрекет ету керек. Қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғатты аялау әрбір азаматтың парызы.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы

Лондонда ескі көлікке жол жоқ

Ал Лондонда, ескі көлік мінгендер қала орталығына кіргені үшін салық төлейді. Бұл ереже Ұлыбританияда 2019 жылдан бері бар. Соның арқасында ауаға таралған озон оксидтерінің қалдығы 45 пайызға төмендеді. Лондон императорлық колледжінің сараптамасына сәйкес, ауаны ластайтын көліктер 60 пайызға азайған.

Жалпы көліксіз жүру күнін әлем елдері жыл сайын қыркүйектің 22-сі атап өтеді. Яғни трамвай, троллейбус, автобус, метро және басқа да қоғамдық көліктердің, сондай-ақ велосипедтер мен серуендеуді таңдап, автомобильдерді пайдалануды азайтады.