Байденнің бас тартуына басқалар не деді?
Джо Байденнің президент сайлауынан бас тартуына саясаткерлер мен сарапшылар түрлі пікір білдіріп жатыр.
Демократтардың басты үміті болып келген Байденнің орнына енді кім үміткер болады? Вице-президент Камала Харристің мүмкіндігі қандай?
Джо Байденнің мәлімдемесінен кейін 8 минут өткен соң басты қарсыласы бірден тіл қатты. Республикалық партияның үкілеген үміті Дональд Трамп Байденді "АҚШ тарихындағы ең нашар президент" деп атады және Камала Харристі қалпақпен ұрып аламын деп жар салды.
ЦИТАТА: "Алаяқ Джо Байден президент сайлауына қатысуға жарамсыз болып шықты, ол бұрыннан жарамсыз еді, ол бұл орынға ешқашан жарамаған! Ол өтірік, жалған ақпарат арқылы ғана президент атанды."
Германия
Шетелдік әріптестерден Германия канцлері алғашқылардың бірі болып үн қатты. Олаф Шольц "Байден өз елі, Еуропа және бүкіл әлем үшін көп іс тындырды" деп бағалады.
ЦИТАТА: "Байденнің арқасында НАТО күшейе түсті. Ал АҚШ біздің жақсы және сенімді серіктесімізге айналды. Оның президент додасынан шығамын деген шешімі құрметке лайық".
Жапония
АҚШ-тың жақын одақтасы Жапония билігі пікір білдіруде салқынқандылық танытты.
Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі:
"Бұл АҚШ-тың ішкі ісі. Сондықтан тікелей мәлімдеме жасаудан тартынамын. Десе де президент Байден өте дұрыс саяси шешім қабылдады деп бағалаймын. Жапония мен АҚШ-тың одақтастығы - жапон дипломатиясы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды фактор, біз АҚШ-тағы саяси жағдайды жіті назарда ұстаймыз".
АҚШ
Джо Байден жай кетпей, орнына орынбасары Камала Харристі ұсынып кетті. Харристің өзі бағын сынап көруге кет әрі емес екенін білдірді.
ЦИТАТА: "Демократиялық партия мен ұлтымызды біріктіру, Дональд Трамп пен оның экстремальды бағдарламасынан басым түсу үшін мен барымды саламын. Сайлауға 107 күн ғана қалды. Бәріміз бірге күресеміз және жеңіске бірге жетеміз."
59 жастағы Камала Харрис мансап жолында тез өскен саясаткер. Калифорния штатының бас прокурорынан сенаторлыққа өткен. Соңғы сайлауда бағы жанып, вице-президент атанды.
Мина Боуз, саясаттанушы:
«Бұл Байден өз шешімі емес, бұл партияның шешімі. Бұл туралы ол өз хатында айтты. Байденнің жасы, күш-қуаты, қабілет-қарымына қатысты алаңдаушылық білдірген әңгіменің жүріп жатқанынан 1 жылдан асты. Демократтардың сиезі 19 тамызда басталады. Яғни олар үшін уақыт өте тығыз. Мәселе, әйел адамның президент болуында емес, мәселе, Харристің жеңіске жете алуында. Оның рейтингі негізі төмендеу. Бәрін уақыт көрсетеді».
Сарапшылар демократтардың алдында 2 таңдау тұр: вице-президент Харристің маңына топтасады не жаңа үміткерді таңдау үшін ашық талқылау өткізеді деп топшылайды.
Ернат Мелсұлы