Камала Харрис деген кім?
Камала Харристі қолдау рейтингі Джо Байдендікіндей төмен.
Мұны әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр. Ал сарапшылар 4 айдан аз уақыт қалған президент сайлауына демократиялық партия атынан вице-президенттен бөлек басқа үміткерлер де сынға түсуі мүмкін дейді. Олардың қатарында кім бар? Жалпы Харрис ханым деген кім?
Камала Харрис 1964 жылы эмигранттар отбасында дүниеге келген. Әкесі АҚШ-қа Ямайкадан, анасы Үндістаннан көшіп келген. 2016 жылы Сенатқа сайланған. Оған дейін Конгрестің жоғары палатасында тек бір ғана қара нәсілді әйел болған екен. Харрис Сенаттың 4 түрлі комитетінде жұмыс істеген. 2021-жылдан бері вице-президент қызметін атқарып келеді. 3 жарым жыл ішінде ондаған шетелдік сапар барысында 150-ден аса елдің басшыларымен кездесіп, сыртқы саясаттағы беделі де артқан. Оның вице-президенттігі кезінде жұмыссыздық деңгейі төмендеді, дәрі-дәрмек арзандап, студенттердің берешегі кешірілді. Сарапшылар өзінің сайлауалды науқанында Харрис ханым осы жетістіктерін алға тартуы мүмкін дейді.
Элизабет Уоррен, сенатор:
"Мен Камала Харристің кандидатурасын қолдаймын. Ол мықты саясаткер. Бұрынғы прокурор ретінде тәжірибесі мол. Кейінгі 4 жылда оның атқарған еңбегі зор. Жұмыссыздар саны азайды. Мұны ол аз уақытта жасай алды. Камала Харрис партиямыздың өркендеуіне өз үлесін қосып, Дональд Трампты жеңіп шығуға әбден лайық деп санаймын".
Бірақ вице-президенттігі кезінде Камала Харристің жұмысына қатысты сын да аз болмады. Әсіресе көші-қон саясаты жөніндегі мәлімдемелері көпшіліктің көңілінен шықпады. Жасанды түсік мәселесі бойынша да басы дауға қалған еді.
Сайлаушылар оның 5 жыл бұрынғы сәтсіздіктерін де бетіне басуы мүмкін дейді сарапшылар. 2019 жылдың күзінде Харрис ханым демократиялық партия атынан 2020-жылғы президент сайлауына қатысуға ниет білдірген. Бірақ оны қолдау рейтингі төмен болды. Оның сұхбаттарына көп сайлаушының көңілі толмады. Өйткені елді басқаруға қатысты нақты көзқарасын ашып айта алмаған. Оның үстіне Харристің саяси науқанына ақшалай аударым жасағандар да аз болды. Сондықтан ол өз кандидатурасын алып тастап, Джо Байденді қолдайтынын айтқан. Қазір Камала Харриске қатысты халық пікірі қақ жарылды.
БЛИЦ
- "Ол жеңіске жетсе, ел тарихындағы алғашқы қара нәсілді әйел президент болады. Мен бұған қарсы емеспін. Қарашада өтетін сайлауға демократтар атынан Камала Харрис қатысса екен деп отырмын. 2016-жылы президенттікке үміткер Хилари Клинтон үлкен жетістікке жетті ғой. Сондықтан вице-президент те сайлауалды науқанын жұрыс жүргізсе, жеңіске жетуі әбден мүмкін."
- "Байденнен гөрі жас үміткердің болғаны дұрыс. Бірақ шыны керек, демократтарға сенім қалмады. Камала Харристің кандидатурасын аса қолдамаймын. Бірақ кім біледі? Ол басқа бағыт таңдаса, мүмкін бәрі өзгеретін де шығар.
Джо Байден Камала Харристің кандидатурасын ұсынғанымен, негізі демократтар атынан президент сайлауына ресми үмкіткер әлі жоқ. Чикагода тамыздың соңына белгіленген партияның съезінде дауыс беру өтеді. Үкіткер сол кезде бекітілуі тиіс. Сарапшылар таласқа өзгелердің де түсуі ғажап емес дейді. Мүмкін деген кандидаттардың қатарында Мичиган штатынының губернаторы, Калифиорния штатының губернаторы мен көлік министрінің есімдері аталып отыр. Сондықтан сайлау алдындағы саяси дода қыза түсуде.
Жұлдыз Атагельдиева