Нигерияда 10,5 млн бала мектепке бармайды
Әлемде шамамен 72 миллионнан астам бала мектепке бармайды деп хабарлайды 24kz.
Ал, 800 млн-ға жуық ересектің сауаты жоқ, яғни қалыпты өмір сүру үшін қажетті білім алмаған. Мұндай деректерді Humanium ұйымы келтіріп отыр. Құрылым өкілдері көп елдерде мектеп жетіспеушілігі мен ғимараттардың талапқа сай жабдықталмауын алға тартады. Мәселе әсіресе, Сахарадан Африкаға дейінгі аймақтарда ушығып тұр. Азия мен Еуропаның кей өңірлерінде де мектеп инфрақұрылымы талапқа сай емес.
Нигерияда шамамен 10,5 миллион бала мектепке бармайды. Бұл – әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өйткені мұнда мектеп жасындағы бала саны тым көп, ал оларды оқытатын білім беру мекемелері тапшы. Бұдан бөлек, оқу орындары дұрыс жабдықталмаған, әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге енген. Мекемелердің қауіпсіздігі мен ғимарат сапасының сын көтермеуі түрлі оқыс жағдайларға әкеп соғуда. Таяуда Нигерияның Джос штатында мектеп ғимараты құлап, 22 бала қайтыс болды. Үкімет білім беру қолжетімділігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатқанымен мектеп әлі де жеткіліксіз. Сарапшылар мұны қаржыландырудың тапшылығымен және үздіксіз жалғасып жатқан қарулы қақтығыстардың кесірінен мектеп құрылысын жүргізудің мүмкін болмауымен байланыстырады.
Малавиде мектеп тапшы
Оңтүстік Африкадағы мемлекет Малавиде де білім беру жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Өйткені инфрақұрылым дамымаған, балалар тозығы жеткен ғимараттарда оқуға мәжбүр. Мектеп жетіспеушілігі салдарынан әр сыныпта 130-дан астам бала білім алады. Бірақ олардың көбі бастауыштан кейін білімін жалғастырмайды. Өйткені қызмет құны тым қымбат, бұл көп отбасының мүмкіндігін шектейді. Бұл жастағы балалардың 8%-і ғана орта мектепті бітіріп шығады.
Бельгиядағы білім беру ғимараттарына күрделі жөндеу қажет
Мектеп ғимаратының жетіспеушілігі Еуропа елдерінде де өзекті. 2018 жылғы ресми мәліметке сәйкес, Бельгияда 3 мыңға жуық мемлекеттік білім беру орындары тіркелген. Жыл сайын демографияның артуы есепті мектеп табалдырығын аттайтын бала саны да едәуір артқан. Бірақ білім беру мекемелерінде орын тапшы. Кей ғимараттар ескіріп, тозған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп тапшылығы мәселесі, әсіресе, Брюссель мен Фландрияда қатты байқалады.
Тәжікстанда мұғалім жетіспейді
Тәжікстан халқының кейінгі бірнеше жылда 10 миллион адамға өсуі, мектепте бала санының артуына әкелді. Былтыр жаңа оқу жылында 2,2 миллион оқушы мектеп табалдырығын аттаған. Үкімет жыл сайын құрылысты арттырып, білім беру нысандарын қолданысқа бергенімен, мектеп әлі де тапшы. Оған қоса, мұғалім жетіспейді. Сарапшылар педагог тапшылығын елдегі экономикалық тоқырауға байланысты қалыптасқан эмиграциямен байланыстырады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева