Оңтүстік Кореяда ормандарды дрондар күзетеді
Ұшқышсыз ұшақ десе, бірден ойымызға барлау, шабуылдау мақсатында қолданылатын дрондар келуі мүмкін. Бірақ көріп тұрғанымыздай, бүгінде әуеге көтерілетін коптер сан түрлі саладағы ауқымды міндеттерді атқара алады.
Қазірде дрон шығарып, оны қолданудан Қытай мен АҚШ көш бастап тұр. Бұдан бөлек, әртүрлі салада пилотсыз ұшақ ұшырып, тәжірибе жасап жүрген ел көп.
Оңтүстік Кореяда ормандарды дрондар күзетеді
Дрондардың арқасында Оңтүстік Кореяда биыл орман өрті 80% азайған. Ал өрттен зардап шеккен аумақ 100% жуық қысқарды. Билік бұл жетістікті жаңа технологияларды қолданумен байланыстырады. 2022 жылдан бастап Оңтүстік Кореяның орман қызметінде 2 топ құрылды. Біріншісі ұшқышсыз аппараттар арқылы жалынды сөндіреді, екіншісі дрондармен ормандарды күндіз-түні бақылайды. Қазірде ормандағы өртті анықтау үшін ел аумағында 7500-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал алқаптарда өрт шыға қалған жағдайда оны ауыздықтауға тек өрт сөндірушілер емес, орман қызметі мен еріктілер де жұмылдырылады.
Ким Гван Сон, Оңтүстік Кореяның өрттерді зерттеу қауымдастығының президенті:
- Өрт шықса, адамдар біріккен құтқару қызметіне хабарлай алады. Содан кейін ондағы операторлар қоңырауды тиісті мекемелерге бағыттайды. Ол жалынның таралу аумағына қарай орман немесе өртке қарсы қызметке жіберіледі. Егер өрт көп жерге жайылып кетсе, оны сөндіруге орман шаруашылығы, өртке қарсы қызмет, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер – барлығы жұмылдырылады.
Түркияда дрондар өрт сөндіреді
Дрон шығарудан Түркия да көштен қалмақ емес. Әскери-қорғаныс саласындағы жетістіктерін айтпағанда, түріктің пилотсыз ұшу апараттары төтенше жағдай кезінде маңызды рөл атқарады. Мәселен, былтыр Түркияда дрондар 2 мыңнан астам орман өртін сөндіруге қатысқан. Дрондар қызметін адам күшімен салыстырар болсақ, өрт шыққан орынға келіп үлгеру жылдамдығы 45 минуттан 11 минутқа аз. Биыл билік осы қарқыннан таймау үшін 14 дронды кезекшілікке бекітті.
Қытай Эверестке дрон ұшырды
Эверест шыңын 10 минутта бағындыру мүмкін бе? Жауабы бар. Биыл қытайлық компания 6 мың метр биіктікке дрон ұшырып, 17 минутта көтеріліп, әлемдік рекорд орнатты. Әрі бұл – тауға тауар жеткізген алғашқы тәжірибе. Сынақтар Эвересттің оңтүстік беткейінде жүргізіліп, дрон 5300 м биіктікте орналасқан базалық лагерьден 15 келі жабдықты 6000 м биіктіктегі лагерге жеткізді. Бір нүктеден екіншісіне қатынау үшін небәрі 10 минут кеткен. Ал адам оған жаяу 8 сағатта жетеді. Көрсеткіштер таңғаларлық. Дегенмен компания: «дронды қашықтан басқару оңай болмады», – дейді.
«Таудағы темпаратура ұдайы өзгеріп отыратындықтан, бағытымыздың кей бөліктері анық көрінбеді. Әрі байланыс нашар болғандықтан, құрылғыдан жиі көз жазып қалдық. Алайда бұл кедергілерге қарамастан санаулы минут ішінде жүкті жеткізу – компания үшін маңызды оқиға»
Дереккөз қытайлық DJI компаниясының жеке сайтынан алынды.
Жапонияда тапсырысты дрондар тасиды
Жапондықтар да тапсырысты дрон-курьерлердің жеткізгенін құп көреді. Ел территориясының 70%-і таулы аймақта, аралдарда тұрғандықтан, бұл тұрғындар үшін әлдеқайда тиімді. Халық дүкендерден азық-түліктен бастап, қалаған затын осы дрондар арқылы ала алады. Олардың жылдамдығы – сағатына 100 шақырым. Ал тапсырыс құны – 1000 иен, Бұл біздің теңгеге шаққанда 3500 теңгедей.
Ұлыбритания билігі дрондарды үй салуда қолданады
Құрылысшы – әлемдегі ең қауіпті маман иесі. Жұмысшының жайын ойлаған Ұлыбритания билігі құрылыста дрондарды пайдалануды қолға алып отыр. Мәселен, үйдің қабырғасын тұрғызуда 250 грамдық дронды пайдалану үшін құрылыс компаниялары алдымен құрылғыны тіркейді, оны қашықтан басқаратын мамандарды даярлайды, сақтандыруды қамтамасыз етеді және азаматтық авиация басқармасынан рұқсат қағазын алады. Құрылыстағы дрондарға арнайы заңдар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдар, сондай-ақ әртүрлі құрылыс материалдары мен заттарды тасымалдауды реттейтін заңдар қолданылады. Осы ретте Ұлыбритания үкіметі биыл 1 миллион 500 мың үй салуды жоспарлап отыр.
Иә, заман озып, технология дамыған сайын бір ғана құрылғының әмбебап құралға айналғанын көруге болады. Бастысы – қауіпсіздік.