Қытайлар ұзақ өмір сүрудің құпиясын ашты

Қытайлар ұзақ жасаудың құпиясын біледі.

Олардың ұстанымы, әдіс-тәсілі мен өмірге деген көзқарасы таңғажайып нәтиже берген. Тіпті елде кейінгі жылдары қарттардың саны артты. Жасы 130-ға жеткендері де бар. Бұл не? Сиқыр ма?  Медицина ма? Мұның сыры неде?

Уэй Ганг Бейжіңде туып өскен. Бүгінде жасы 70-тен асса да, қимылы ширақ. Тайдзюцу техникасын жақсы меңгерген. Оны оған әкесі, ал әкесіне бабасы үйретіп кеткен өнер түрі. Күнделікті саябаққа шығып қатарластарын жаттықтырады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Мен қазір бұл кісімен күресіп жатыр деп ойлап қалмаңыздар. Бұл кісі: «тепе-теңдікті сақтауды үйретемін», – дейді. Көрейік. Атамыздың жасы 75-те.

Уэй Ганг, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Тайдзюцумен 6 жасымнан бастап шұғылданамын. Осы жасқа келіп бір ауырып көрген емеспін. Тайдзюцу – бұл көне жекпе-жек техникаларының бірі. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп бүгінгі күнге жетті. Қазір көбінесе жаттығу ретінде қолданылады. Денсаулыққа өте пайдалы. Адамның тәнімен қатар жанын да шынықтырады. Қимыл кезінде бүкіл ішкі органдар мен дене мүшелері қозғалыста болады. Қан айналымын жақсартады.

Бейжіңде қай жерге барсаң да спортпен шұғылданып жүрген адамдарды көруге болады. Халқы кез келген жерге тұра қалып жаттығу жасауды әдетке айналдырған. Бірі кунг-фу, екіншісі Тайдзюцу, енді бірі би билейді. Ли Чжи бала күнінен Тайдзюцу тәсілімен жаттығады. Құрбыларын жинап күнде шынығады. 82 жасында жеңіл әрі шапшаң қимылдайды. Оның сырын ақ шашты әжейлерден сұрап білдік. 

Ли Чжи, зейнеткер:

- Ұзақ жасаудың құпиясы – еңбек. Уақытымен ұйықтап, дұрыс тамақтану қажет. Көбінесе бұршақ жармаларынан жасалған тағам жеймін. Етті аз жеуге тырысамын. Ең бастысы, жаттығуды тоқтатпау керек. Бұл өте маңызды. 

Хун Хунг, зейнеткер:

- Ешқандай да құпия жоқ. Зиянды әдеттерден арылып, дәруменге бай тағам тұтыну керек. Тамақты еш уақытта тойып жемеймін. Мөлшермен ғана. Оның бәрін денсаулық сыр беріп, әбден асқынғанда емес, ерте кезден қолға алған дұрыс.

Чжао Шицзе, зейнеткер:

- Таңғы 5:30-да тұрамын. Күнде осы жерде жиналып, жаттығуды қайталаймыз. Уақытты бос өткізуге болмайды. Менің үйім қашықта. Күнде осында жаяу келем. Кемінде 3-4 шақырым жүремін. Ең бастысы, аяқты күшейту керек. Үнемі қозғалыстың арқасында қан айналымы жақсарып, серіге түсесің.

Ұзақ жасаудың негізі факторларының бірі – дұрыс тамақтану. Тек дәруменге бай, көкөністерді тұтынады. Әрбір істі қатаң жоспарлы түрде жасайды. Етті аз жейді. Ет пен майлы тағамдар қан қысымын арттырып, қант диабетіне әкеп соғады.

Пэн Цзянькан, қалалық емхана дәрігері:

- Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, таза ауада жиі серуендеу керек. Ұйқы 6 сағаттан кем, 7 сағаттан артық болмауы тиіс. Шай мен кофе, шылым мен ішімдіктен бас тартқан дұрыс. Күнделікті ыстық ванна қабылдаңыз. Бойдақ болсаңыз, тезірек үйленіңіз. Қарт адамдарда ас қорыту жүйесінің жұмысы төмендейді. Ішкі органдарды қалыпқа келтіру үшін малдың өкпе-бауыры, жүрек пен бүйрегін көбірек жеу керек. Қуырылған тамақтан бас тарту қажет. Дәнді-дақылдар, бұршақ жармаларын жеген абзал. Ол ішек-құрылысты тазартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға сеп болады. Бұларды сақтамасаң, медицина да көмектеспейді.

Бүгінде Қытайда қарт адамдар саны артты. Елдің азаматтық істер жөніндегі министрлігі бүкіл Қытай халқының 21%-і қариялар деп жариялады. Бүгінде көрші мемлекетте 60 жастан асқан кісі саны 300 миллионға жуықтаған. Бұған әрине елдегі 1980 жылдардағы «Бір отбасыға бір бала» саясаты әсер еткен. Алайда мәселе ол жөнінде емес, сол қарт адамдардың ұзақ жасауында.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.