Грузияда Art-Geni фольклор фестивалі өтіп жатыр

Грузияда ең танымал фольклор фестивальдерінің бірі Art-Gеni басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Оған қолөнершілер, музыканттар мен бишілер жиналған.

Фестиваль Тбилисидегі этнографиялық музейде өтіп жатыр. Мұнда Грузияның барлық аймағына тән үйлер мен сарайлар тұрғызылған. Гүржі елінің аумағы шағын болса да, әр өңірдің өзіндік өмір салты, сәулет өнері мен салт-дәстүрі бар.

Фестивальден түрлі әшекей бұйымдар, ойыншықтар, жүннен жасалған заттарды көруге болады. Мака Кобалия көп жылдан бері ежелгі «Тека» қолөнер техникасымен жұмыс істеп келеді. Ол – біздің заманымызға дейінгі V ғасырда пайда болған көне ісмерлік.

Мака Кобалия, қолөнерші:

- Бұл – грузиндердің ежелгі қолөнері. Грузин қойларының жүні пайдаланылады. Алдымен нобайын жасап алып, сосын сабынмен жұмыс істейміз. Біздің бұйымдарға туристер де қатты қызығады.

Фестивальде күнде концерт. Аджариядан келген қыз-келіншектер ансамблі 15 жылдан бері ескі халық әндерін орындап келеді.

Лолита Сурманидзе, этномузыкант, ансамль жетекшісі:

- Аджария – фольклорға тұнып тұрған ерекше аймақ. Көнекөз өнерпаз қариялардан ән, би, есті сөз, ойындар үйреніп, кейінгі ұрпаққа жеткіземіз. Аджарияда еңбектің құндылығы, жаңа туған балалар туралы ескі әндер жақсы сақталған.

Art-Geni фестивалінің тұрақты өтіп келе жатқанына 21 жылдан асты. Бұл жолы Әзербайжан иен Израильден де өнерпаздар келіпті. Ұйымдастырушылар қазақтардың да осы іс-шараға қатысқанын қалайды.

Георгий Барамидзе, фестивальдің негізін қалаушы:

- Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан да өнерпаздар келсе екен дейміз. Осылайша, біз мәдениет арқылы жақындасамыз. «Өнерліге өріс кең» дейді ғой.

Грузин тамағы, ұлттық музыка мен шеберлік сабақтары жадыраған жаз мезгілінде ашық аспан астында өтіп жатыр. Мерекелік іс-шаралар 28 шілдеге дейін жалғасады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.