Піскен өнімді сақтап қалу үшін шаруалар түрлі айлаға барады
Тікенді алмұрт зиянкестер шабуылына ұшырады
Тунисте тікенді алмұрт кактусы алқаптарына құрт-құмырсқа қаптап, шаруалар шығынға батып жатыр. Зиянкестер плантациялардағы өсімдікті шетінен кеміріп, жайпап кетуде. Әсіресе Кайруан, Монастир, Сус және Набуль аймақтарындағы алқаптар жарамсыз болып қалған. Сарапшылардың айтуынша, бұл өсімдік Тунисте зәйтүн ағашынан кейін маңызды ауыл шаруашылығы түрі болып саналады. Ол елдегі егістік жерлердің шамамен 12%-ын құрайды. Інжір кактусы ретінде танымал өсімдіктің жемісінен джем, шырын, тағы басқа тағамдар дайындалады. Қазір билік зиянкестермен күресті күшейтіп, оларға қарсы биологиялық бақылау әдісін қолдана бастады.
Филиппинде күріш қымбаттады
Филиппинде күріш бағасы күрт қымбаттап, жергілікті халықтың алаңдаушылығын тудырды. Өйткені күріш филиппиндердің негізгі азығы саналады. Былтыр қыркүйекте келісі 40 песодан саудаланған дақылдың қазіргі құны 62-ге бір-ақ көтерілген. Сарапшылар ауыл шаруашылығы өнімінің қымбаттауын Эль-Ниньо құбылысы және Үндістанның күріш экспортына тыйым салуы сияқты сыртқы факторлармен байланыстырып отыр. Сондай-ақ елдегі инфляция да әсер еткен болуы мүмкін дейді. Биыл шілдеде оның деңгейі 4,2% - ға жетті. Бұл кейінгі 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қытайда шай алқабын күннен тормен қорғауда
Қытайдың Ханчжоу провинциясында күн қатты ысып, шай плантациясына қауіп төнді. Аптап ыстықтан шай ағаштары құрғап, қурап қалуы мүмкін. Шаруалар мұның алдын алу үшін Батыс Лонгжин көлі маңындағы тұтас алқапты күннен қорғайтын тормен жауып тастады. Ол шай бұталарының температурасы мен ылғалдылығын реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ ағашты жауын-шашыннан қорғап, қауіпсіз өсуіне жағдай жасайды.
Газадағы шаруалар көкөністі шатырларда өсіре бастады
Газа секторында аштық қаупінің артуы шаруаларды бей-жай қалдырмады. Тәжірибелі фермерлер үй шатырларына топырақ төсеп, көкөніс өсіруге кірісті. Олар адамдарды аштықтан аман алып қалу үшін осылай амалдауға мәжбүр. Өйткені қарулы қақтығыстан өңірде азық-түлік тапшы, ал гуманитарлық көмек жеткіліксіз. Тығырықтан шығу үшін шаруалар тұқымдарды қираған шатырлардың үстіне еккен. Қазір олар көктеп, көбейе бастаған.