Адам суға кетпес үшін өзге елдерде не істейді?
Көрші елдерде де қазір суға шомылу маусымы қызып тұр.
Осыған байланысты әр елдің тиісті мекемелері азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін қолға алған. Мысалы, Бішкекте милиция барлық бассейн мен табиғи су айдындарын аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көшті. Балалардың ересектерсіз суға кіру деректеріне қатысты тексеріс күшейген. Себебі соның кесірінен жеткіншектердің ажал құшуы жиіледі. Мәселен, Тәжікстанда алғашқы 6 айда 52 адам суға батса, оның жартысына жуығы бала. Төтенше жағдайлар комитеті келтірген мәлімет бойынша бәрі ата-аналарының қарауынан тыс қалған. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін Бакуде жағажайда демалушыларға қатысты қатаң ереже енгізілді. Бұдан бөлек азаматтарға желді күні және түнгі уақытта теңізде жүзуге тыйым салынды. Жағада балық аулауға да рұқсат жоқ. Өйткені шомылу маусымы басталған алғашқы 10 күнде 4 адам суға кеткен. Тағы үшеуін құтқарушылар ажал аузынан алып қалды.