Трамп: Харрис Джо Байденнің науқанына бөлінген ақшаны алуға құқы жоқ
АҚШ-тағы президенттік сайлау жақындаған сайын елдегі саяси дода қыза түсті деп хабарлайды 24kz.
Джо Байденнің сайлауға қатыспайты белгілі болған соң, оның орнына үміткер Камала Харрис пен Дональд Трамп арасында бәсеке басталды. Тіпті бұрынғы президент жақтастары Харриске жаңа айып тағып үлгерді.
Бүгін Дональд Трамптың сайлауалды штабы Камала Харриске қарсы елдің Федералды сайлау комиссиясына шағым түсіріп, ол сайлауалды қаржыны заңсыз иемденуді көздеп отыр деп мәлімдеді. Айтуынша, Харрис Джо Байденнің науқанына бөлінген ақшаны алуға құқы жоқ. Ал сарапшылар болса: «үміткердің додаға қатысу үшін тиісті мөлшерде қаржы жиналмаса, сайлаудың тағдырын шешіп кетуі мүмкін», дейді.
Мина Бос, Хофстра университеті қоғамдық саясат және қызмет бағдарламаларының атқарушы деканы:
- Естеріңізде болса, 2020 жылы Камала Харрис бәсекеге түсерде сайлауалды науқанына тиісті қаржы мен дауыс жинай алмай, қиналған еді. Сондықтан қазіргі мәселе әйел адамның АҚШ президенті бола алатынында емес. Ол Харристің президенттік бәсекеде жеңіске жете алады ма дегенге саяды.
Трамптың сайлауалды штабының бас кеңесшісі Дэвид Уоррингтың айтуынша, бір президенттен екінші президентке 91 миллион доллардың өтуі ақылға қонымсыз. Байден штабы шілденің басында 240 миллион қаражат жиналғанын хабарласа, Трамп кеңсесі ол соманың 331 миллион доллардан асқанын мәлімдеді.
Мина Бос, Хофстра университеті қоғамдық саясат және қызмет бағдарламаларының атқарушы деканы:
- Менің ойымша, вице-президент Харрис аз уақыт ішінде көп бетбұрыс жасауға жақсы мүмкіндіктерге ие. Ол қанша дегенмен, президенттік сайлау науқанына қатысқан адам ғой. Демократтарда төрт апта уақыт бар. Осы аралықта олар бір кандидатты, яғни, вице-президент Харриске барлығы қолдау білдіріп, 1968 жылдан бері көрмеген ашық конвенция өткізу керек.
«Рейтер» агенттігі сауалнамасы Камала Харристың Дональд Трамптан оза бастағанын көрсетті. Агенттік келтірген мәліметке сүйенсек, америкалық сайлаушылардың 42%-і Трампты, ал 44%-і Харристы қолдап отыр. «Дегенмен, демократтың жеңіске жетуі үшін сайлау науқанына қажетті қаражаттың және донорлардың көбеюі аса маңызды», - дейді сарапшылар.
Авторы: Талғат Алманов