Қырғызстан ТЖМ елдің оңтүстігінде болған сел салдарымен күресіп жатыр
Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі елдің оңтүстігінде болған сел салдарымен күресіп жатыр деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолғы табиғат апатынан опат болғандар жоқ. Десе де, бірқатар әлеуметтік нысанға айтарлықтай зақым келген.
Арстанбап ауылындағы алапат сел кеше кешкі сағат 19:00 шамасында басталды. Лай көшкіні жолындағының бәрін жайпап, ғимараттар мен көпірлерге зақым келтірген. 23 көлікті су шайып әкетті. Табиғат апатынан ауыл ішіндегі жолдардың бәрі дерлік жарамсыз күйге түскен.
ҚР ТЖМ қызметкері:
- Су мен лай көшкіні жолдарды шайып қана қоймай, әлеуметтік нысандарға да айтарлықтай зақым келтірді. Әсіресе, тау етегінде орналасқан үйлер қатты зардап шекті. 9 үй бүлінді. Қазір тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Лай аралас су жергілікті аурухана мен сауда үйін де басып қалған. Селден 5 көпір бүлініп, елді мекенде көлік қозғалысы қиындады. Апат зардабын жою үшін қазір аймақта 70 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, бұл іске Ішкі істер министрлігінің 50 қызметкері, Азаматтық қорғаныс қызметінің 50 өкілі мен 60 жергілікті тұрғын жұмылдырылған.
Жергілікті тұрғын:
- Кешкі сағат 18:00 шамасында ауылдың арғы бетіне өтіп бара жатқанмын. Дәл сол кезде алыстан қатты дыбыстар шықты. Ойыма жақында ғана толассыз жаңбыр жауғаны есіме түсіп, бірдеңе болатынын сездім. Бірден көлігіме мініп, ауыл орталығына бет алдым. Келсем, су басқан. Көлігімді қауіпсіз жерге апарып үлгердім. Біраз ауылдасым өкінішке қарай, үлгермей қалды.
Апаттың салдарын жою үшін ауылға бас-аяғы 210 адам жіберілген. Азаматтық қорғаныс қызметінің 10 техникасы тартылған. Өз кезегінде төтенше жағдайлар министрлігі елдің таулы аймақтарында шілденің 26-сына дейін ауа райы құбылмалы болатыны туралы ақпарат таратып жатыр. Кей жерлерде нөсерден өзен деңгейі көтеріліп, тасқын жүруі мүмкін.
Авторы: Бакыт Чермашев