Әлемде қандай мамандықтарға сұраныс көп?
Әлемнің еңбек нарығы біз ойлағаннан да жылдам өзгеріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Оған, әрине, демографиялық өсім мен технологиялық жетістіктер себеп. Дүниежүзілік экономикалық форум сараптамасына сай, көп ұзамай кеңсе және әкімшілік қызметте жүргендер жаппай қысқаруға ұшырауы мүмкін. Сонда жақын болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болады? Сарапшылардың болжамы қандай?
Бүгінгі капиталистік қоғамда ақпаратты талдау маңызы орасан зор. Сәйкесінше, оны игере алатын маманға деген сұраныс та жоғары. Бір ғана мысал. Қаржы институттары түрлі нарықта сауда жасау үшін алдын ала зерттеп, табысқа кенелудің мүмкіндігін қарастыру керек. Ал онымен мәліметтерді сараптаушы айналысады. Яғни, ауқымды деректерді талдау арқылы инновацияларға жол ашатын әрі бизнес-шешімдер туралы ақпар беретін үрдістер мен заңдылықтарды анықтайды. Сондықтан да осы саланың мамандарына сұраныс пен оларға ұсынылатын жалақы да бүгінде әлем бойынша өте жоғары.
Компьютер мен математикаға қатысы бар мамандықтар. Бұл секторға бағдарламашылар, ақпараттық қауіпсіздік сарапшылары және IT инжиниринг кіреді. Роботтық технологияның дамуына септігін тигізіп отырған IT саланың мамандарына үнемі сұраныс жоғары. Өйткені интернет кеңістіктің мүмкіндіктерін арттыру осы сала өкілдерінің қолында. Орташа жылдық жалақылары шамамен 120 мың доллар.
Медицинада роботтар кеңінен қолданыла бастағанына қарамастан, әзірге дәрігерлердің орнын басуы екіталай. Тіпті IBM секілді алпауыттар хирург құлтемірді жасап шығуға кіріскенімен, бұл жобаның жемісін жақын болашақта көретінімізге күмән көп. Футурологтардың өзі осылай дейді. Сондықтан адам баласының денсаулығын күту медицина қызметкерлерінің қолында қала бермек. Кейінгі жылдары әлемде демографиялық дүмпу орын алғанын ескерсек, ақ халаттыларға сұраныс жыл өткен сайын артпаса кемімеген.
Ал, Дүниежүзілік экономикалық форумы сұранысқа ие болатын мамандықтар тізіміне емес, адам дағдыларына мән беріп отыр. «Жұмыс орындарының болашағы» атты баяндамасының 2023 жылғы есебіне сәйкес, 2027 жылға қарай адамның аналитикалық, шығармашылық ойлау дағдылары әлемде өте жоғары бағаланады. Көшбасшылық қабілеті бар, әлеуметке әсер ете алатын және білімін жетілдіруден жалықпайтындар да сұраныстан шет қалмайды. Сонымен қатар, аталған есепке сәйкес, 2027 жылға дейін 10 қызметкердің алтауы білімін қайта шыңдауына тура келеді. «Себебі технология қарыштап дамыған сайын компаниялардың білім беру бағдарламалары жылдам ескіріп қалуда», - дейді мамандар.