Швейцария несие көлемі бойынша көш бастап тұр
Жалпы әлемде пайызбен қарыз алып, күн көрушілер қатары көбейген.
Бұған экономикалық дағдарыс, баспана қымбатшылығы, жалақының аздығы сияқты әлеуметтік факторлар себеп. Әсіресе Швейцарияда несие рәсімдеп, қарызға белшесінен батқандар көп. Америкалықтар жыл басынан банктен 17,3 трлн доллар қарыз алыпты. Ал Нигерия билігі студенттерге пайызсыз несие беру бағдарламасын іске қосты.
Тұрғындардың ипотекалық қарызы көп
Швейцарияның ірі банкі Credit Suisse зерттеуіне сәйкес несие көлемі бойынша көш бастап тұрған ел – Швейцария. Мұнда жан басына шаққанда әр тұрғынның мемлекетке берешегі шамамен 141 мың АҚШ долларына тең. Олар әсіресе ипотекалық несие рәсімдеуге бейім. Өйткені тұрғындар пәтерді жалдағаннан көрі сатып алғанды жөн санайды. Халықтың шамамен 55%-інде жеке тұрғын үйі бар.
АҚШ азаматтарының берешегі $17,3 трлн жетті
АҚШ та тұрғындардың несие бойынша берешегі өте көп ел саналады. Мәселен, жыл басында америкалықтардың мемлекетке қарызы 17,3 трлн АҚШ долларына жетті. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр АҚШ-та 24 миллион несие картасына шот ашылып, олардың жиынтық қарызы 1 триллион доллардан асып кеткен. Әсіресе Колумбия округінің тұрғындары қарызға белшесінен батқан. Мұнда әрбір екінші тұрғынның несие картасы бар. Ал Миссури штатында, керісінше, қарыз алушылар аз, сәйкесінше несие картасына сұраныс та төмен. Сарапшылардың айтуынша, халықтың қарызға батуына жалақының аздығы мен қымбатшылық түрткі.
Миллиондаған тұрғын мемлекетке берешек
Қытайда да миллиондаған тұрғынның несиесі бар. Халық арасында қарыз алушылар қатары неғұрлым артқан сайын банк қызметтеріне сұраныс соғұрлым өсіп отыр. Мәселен, жылдың алғашқы жартысында қытайлықтар рәсімдеген несие көлемі 13 трлн юаньға жуықтайды. Ал былтыр Қытай банктері жергілікті халыққа 23 трлн юань көлемінде қарыз берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% көп. ХВҚ-ның 2021 жылғы есебіне сәйкес Қытайдағы отбасылардың мемлекетке берешегі жалпы ішкі өнімнің 62,2% мөлшеріндей деңгейіне жеткен.
«Студенттік несие» бағдарламасы іске қосылды
Нигерия билігі студенттерге арналған несие бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы осы елдің президенті Бола Тинубу хабарлады. Несиеге 70 мың студент өтінім берген. Оларды пайызсыз қарызбен қамтамасыз ету үшін үкімет бюджеттен 35 миллиард фунт стерлинг бөлді. Билік бұл бастаманы білім беру жүйесін қолдап, студенттердің мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырып отыр. Ал қомақты қарыз алған студент қаражатты оқу ақысы мен білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған кәсіптік оқыту мекемелерінің қызмет ақысын төлеуге жұмсай алады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.