Өзбекстанда несие алу жолдары қатаңдатылып жатыр. LIVE
Өзбекстанда қаржылық дағдарыстың алдын алу мақсатында несие рәсімдеу жолдары қатаңдатылып жатыр.
Бұдан былай ай сайынғы табысының 50%-тен астамын банк алдындағы берешекті өтеуге жұмсайтын азаматтарға қарыз берілмейді. Тиісті ереже шілдеден бастап күшіне енген. Бұған дейін меже 60-70% шамасында еді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Мұндағы тұрғындардың көбінде қаржылық сауаттылық бар. Өзбек халқы негізінен сауда саласына бейім болғандықтан, ақшаны орнымен жұмсайды. Атап айтқанда, несие алып, оны той-томалаққа шашқаннан гөрі бизнес ашуға немесе қолда бар кәсібін өрістетуге бағыттайды. Енді енгізілген өзгерістерге тоқталайын. Жыл басында Өзбекстан орталық банкі «қарыз ауыртпалығы» жөніндегі көрсеткішті бекітіп, соған сай несие азаматтардың ай сайынғы табысына қарай берілетін болды. Бұл ереже бірінші шілдеден бастап күшіне енді. Бұдан былай елде қарыз алу мен табыс табу арасында тепе-теңдік сақталуы шарт. Онсыз ешбір азамат банктің берешегіне иек арта алмайды. Мұндай талапты енгізер алдында орталық банк әлем және көрші елдердің тәжірибесін зерделеген. Қазіргі дейін «қарыз ауыртпалығы» жөніндегі көрсеткіш тек микроқаржы ұйымдарында қолданылып келді. Енді ол несиенің барлық түріне міндетті талап ретінде енгізілді. Яғни, несиенің ай сайынғы төлемі жалақының белгілі мөлшерінен аспауы қажет. Әзірге көрсеткіш 60% шамасында белгіленсе, келер жылы 50%-ке төмендетілмек. Банктер кредиттік портфельдің тек 15%-іне тиісті талапты қолданбауға құқылы.
Жалпы өзбекстандық мамандар мұндай өзгерісті қаржылық дағдарысты болдырмау үшін қолға алып отыр. Бұған бірнеше себеп бар. Мәселен, елде проблемалық несие көлемі ұлғайып барады. Мәліметке жүгінсек, мұнда берешегін төлей алмай, кредит алу құқығынан айырылған азаматтар саны 16 мыңға жеткен. 2022 жылдан бері көрсеткіш екі есе ұлғайған.
Әзірге азаматтардың қарызын кешіруге қатысты қадам жасалған жоқ. Бірақ мемлекетте 2022 жылы қабылданған «төлем қабілетсіздігі» жөнінде заң бар. Ірі мөлшердегі қарызды 3 айдан аса уақыт төлей алмай жүрген өзбекстандықтар осы құжатқа жүгініп, тиісті қызметтерді пайдалана алады.