Глэмпинг дегеніміз не?

Дания астанасы Копенгагенде биыл шілдеде туристерге қатысты жаңа ережелер енгізілді.

Мәселен, көлік орнына велосипед пен пойызға мініп, қала тазалығына үлес қосқан саяхатшылар,, қаладағы мұражайларға тегін кіреді. Сондай-ақ, қайықты жалға алып, дәмханаларда ақысыз тамақтануына болады. Биліктің бұл бастамасы келушілердің қала тазалығына оң көзқарасын қалыптастырып, тұрғындармен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған. Лондон маркетинг зерттеулер тобының былтырғы есебіне сүйенсек, қала тұрғындары мен саяхатшылардың 81%-ы экологияға алаңдайтынын жеткізген. Бірақ олардың тек 22%-ы тазалық шараларына белсене атсалысқан. Былтыр Копенгагенге 12 миллион турист барса, билік бұл көрсеткішті көбейтуге ниетті. 

ЦИТАТА:

Адамдар саяхаттағанды ұнатады. Бірақ саяхат кезінде тазалыққа аса мән бермейді. Қоршаған ортаның бір бөлшегі болғандықтан, айналымызды қоқыстан тазарту маңызды. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет - экологиялық туризм құру және жасыл экономикаға түпкілікті көшу.

Миккель Ааро-Хансен, Wonderful Copenhagen туристік ұйымының директоры

Глэмпинг туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл - қазірде туристер арасында кең танымал экотуризмнің түрі. Мақсаты - туристердің табиғатқа тигізетін кері әсерін барынша азайту. Глэмпинг туристерді тұмса табиғатпен тартады. Ғаламдық глэмпинг нарығының көлемі Grand View Research зерттеу компаниясының мәліметі бойынша 2022 жылы 2,73 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал жалпы жылдық өсу қарқыны 2030 жылға қарай 10,2% болады деген болжам бар.

Жалпы экотуризмді дамыту бойынша, АҚШ, Финляндия, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Кения, Оңтүстік Африка және Жаңа Зеландия көш басында. Алғашқы үштіктегі АҚШ-қа жылына 200 миллион, Финлияндияға 24 миллион, Австралияға 60 миллион турист барады.

Бұл елдер осындай үздік нәтижеге ұлттық табиғи парктердегі туризмді басқарудың жүйелі жүйесінің арқасында қол жеткізді. 1992 жылы Бразилияда БҰҰ конференциясында қоршаған орта және оны дамыту жөнінде Рио-Де-Жанейро декларациясы қабылданған еді. Оған әлемнің 182 мемлекеті қол қойды. Экотуризмді дамыту да осы маңыздың құжаттың бір тармағы.

Экотуризмнің халықаралық статистикасы 

АҚШ - 200 млн

Финляндия - 24 млн

Австралия - 60 млн

Әлемде экосаяхатшылар саны артты

Экосаяхатшылар саны жылдан-жылға артып келеді. Статистиканы сөйлетсек көрсеткіш 1998 жылы - 45 миллион, 2010 жылы - 70 миллион, 2023 жылы 95 миллионға жеткен.  

Бұл қарқынмен сарапшылар саяхатшылар саны биыл 98 миллионға, ал 2030 жылға қарай 125 миллионға дейін артады дейді. Өйткені Біріккен ұлттар ұйымына мүше мемлекеттердің мойнында ауаға таралатын көмірқышқыл газын азайту жауапкершілігі бар. Statista бизнес-платформасының мәліметі бойынша, 2022 жылы бүкіл әлем бойынша экотуризм индустриясы 172,4 миллиард долларға бағаланды. Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл сектор 2028 жылы 374,2 миллиард долларға жетеді, ал жылдық орташа өсу қарқыны 13,9 пайызды құрайды.

Қоршаған ортаны қорғаусыз қалдыруға болмайды. Өйткені бір елдің экологиялық ахуалы бүкіл әлемге кері әсерін тигізеді. Бір ғана мысал, баршаға мәлім - Арал теңізінің проблемасы қазірде Сырдария мен Әмудария жағалауында тұратын 5 миллион адамның тұрмысына, денсаулығына әсер етті. Бұл ретте экотуризмді дамыту маңызды рольге ие.

Саяхатшылар саны

1998 жылы - 45 млн

2010 жылы - 70 млн

2023 жылы 95 млн