Тағдыр сынына мойымаған жандар
Әлемде мүмкіндігі шектеулі 1 млрд астам адам өмір сүреді.
Бұл жер шары халқының 15 %-ы. Олардың жартысынан көбі жұмыс істеуге қабілетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай дерек келтіріп отыр. Ерекше жандар қатал тағдырға мойымай, еңбектің нағыз үлгісін көрсетіп жүр. Олардың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қабілеті шексіз.
Бұл австралиялық Джек Олд. Жастайынан тағдыр теперішін көрген жеткіншек шаһардағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейді. Мектепті бітіре салысымен, осында орналасқан. Айтуынша, әр күн бір біріне ұқсамайды. 'Келушілерге қызмет көрсетіп, олардың ризашылығын алудан асқан бақыт жоқ', - дейді жас жігіт.
YOUTUBE.COM/@NTDRUSSIAN
Джек Олд, мейрамхана қызметкері:
- Бұл жерде жұмыс істеу меніңше, нағыз шеберлікті қажет етеді. Маған тұтынушыларға қызмет көрсеткен ұнайды. Олардың жымиған күлкісін көрудің өзі мен үшін қуаныш. Әкелген тамағымды сүйсіне жеуін тамашалағаннан артық бақыт жоқ.
Кениядағы мына мейрамхана болса ерекше жандардың қызмет көрсету алаңына айналған. Қонақтарды кіреберісте үнемі Наташа есімді жеткіншек қарсы алады. Ол тумысынан сал ауруына шалдыққан. Соған қарамастан келушілер оны кемсітіп, бөлектемейді. Керісінше, алғысын айтып, жұмысына ризашылығын білдіріп жатады. Бұл мейрамханада Наташа сияқты әртүрлі ақыл-ой ауытқушылығы бар ерекше жандар жұмыс істейді.
YOUTUBE.COM/@NTDRUSSIAN
Саймон Ньюки, дәмхана қызметкері:
"Маған бұл жерде жұмыс істеген ұнайды. Өйткені дәмхана қожайыны мүгедек жандарға қолдау көрсетеді. Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік. Жаңа адамдармен танысып, өзімді дамытуыма жол ашты.
Ирак
Ирактық Хусейн Әзиз де тағдырдың қатал сынына ұшырап, бір қолынан айырылған. Мүмкіндігі шектеулі болса да, адал еңбек етіп, нәпақасын айырып жүр. Қолда бар көлігін кәдеге жаратып, тұрғындарға такси қызметін ұсынады.
Хусейн Әзиз, такси жүргізушісі:
"Мен мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа орналасу үшін қаладағы барлық мекеменің табалдырығын тоздырдым. Бірақ бәрі сәтсіз болды. Мен үшін ең тиімді шешім – өз-өзіме қызмет жасау екеніне көзім жетті. Көлігім бар. Жолаушы тасып, оларды ақысына қалаған жеріне жеткіземін. Бұған дейін туристерге, сондай-ақ көрші елдерге ем алуға баратын науқастарға аудармашы болып қызмет көрсеттім".
Иракта белгіленген заң бойынша мемлекеттік сектордағы жұмыс орындарының 5% мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бөлінеді. Кәсіп ашып, өз бизнесін дөңгелетемін деген ерекше жандар үшін де үкімет арнайы гранттар бөліп, қаражатпен қамтамасыз етеді. Бағдарламаның игілігін көріп отырғандар көп.
Әсия Нұрлыбаева