Бірқатар ел тегін қоғамдық көлік жобасын жүзеге асыра бастады
Қазіргі заманда тегін сөзін есту сирек кездесетін құбылыс.
Баға арзандады дегеннің өзіне көбі сенбейді. Әйтеуір астарынан бір қитұрқылық іздеп тұрады. Ал осы сәтте әлемнің бірқатар елі азаматтарды қоғамдық көліктермен тегін тасымалдау жобасын жүзеге асыра бастаған. Билік өкілдерінің мұндағы мақсаты не?
Люксембург
Люксембург - қоғамдық көлікті тегін еткен әлемдегі алғашқы елдердің бірі. Пойыз, трамвай, троллейбуста ақы төлеу 2020 жылдан бастап жойылған. Бір қызығы, бұл ереже тек ел тұрғындарына ғана емес, осы мемлекетке келетін туристер мен меймандарға да қатысты. Ел билігінің мұндай мәрт қадамға баруына кептеліс мәселесі түрткі болған. Люксембургте бұл ең өзекті түйткілдің бірі. Халық саны 650 мыңнан сәл асқанымен, оның 110 мыңға жуығы – ел астанасында тұрады. Бұдан бөлек жүз мыңдаған азамат нәпақа табу үшін көрші елдерден келеді. Осынша адам аталған шағын елдің аумағын кептеліспен «сал» қылып тастайды дейді жергілікті билік өкілдері.
Эстония
Эстония астанасы Таллин қаласының тұрғындары үшін де қоғамдық көлік тегін. Азаматтар көлік картасын төлесе жеткілікті. Жылына бір рет шығарылатын бұл карта небәрі 2 еуро тұрады. Билік өкілдерінің айтуынша, осындай шешімнің арқасында Таллиндіктер арасында автобус пен троллейбусқа деген сұраныс артқан. Десе де түпкі мақсатқа әлі де қол жеткізе алмай келеміз дейді шаһар басшылығы. Яғни көшедегі автокөліктер саны азаймаған. Керісінше, темір тұлпар қозғалысының жиілігі 42 пайыздан 48 процентке дейін артып кеткен.
Франция
Ал Францияның Монпелье қаласында билетсіз жол жүру ережесі осыдан жарты жыл бұрын ғана іске қосылды. Бірақ ол жергілікті тұрғындарға ғана арналған. Туристер шамамен 1,5 еуро төлеуі тиіс. Шаһар шенеуніктерінің айтуынша, қоғамдық көлікпен тегін жүрудегі мақсат – ауаның ластануын азайту. Жалпы Францияда мұндай шараны қабылдаған жалғыз Монпелье емес. Дюнкеркте бұл ереже осыдан 6 жыл бұрын енгізілген. Содан бері жолаушылар қатары 85 пайызға артқан.
Польша
Польшаның 50 қаласында қоғамдық көлікпен тегін жүру толық және ішінара ұйымдастырылған. Бірсыпырасында қала тұрғындары ақы төлеуден толығымен босатылса, енді бі¬рінде бұл игілікті тек жұмысы жоқтар ғана пайдалана алады. Басқа бірінде 100 пайыздық жеңілдік тек мүгедектерге, оқушыларға жасалған.
Бельгия
Өз кезегінде Бельгияның Хассельт қаласында 1997-2014 жылдар аралығында барлық қалалық көліктерде жүру тегін болды. Бірақ қаржы тапшылығынан бұл жоба алынып тасталған. Бүгінде қалалықтар ауа қатты ластанған уақытта ғана қоғамдық көліктермен тегін жүре алады. Экологиялық жағдайдың бұзылғанын азаматтар мобильді қосымшалар арқылы байқап отырады.