ДДСҰ: Әлемде балаларға екпе егу бәсеңдеді
Бүлдіршіндердің денсаулығы да басты назарда. Әлемде балаларға вакцина салу үдерісі бәсеңдеп қалды, деп хабарлайды 24kz.
Бірақ Оңтүстік Суданда безгек індеті өршіп барады. Аптап ыстық та денсаулыққа қауіп төндіре бастады.
Әлемде балаларды вакциналау өсімі тоқтады. Бұл туралы ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Мәселен, 2023 жылы қызылшаға қарсы екпенің бірінші дозасын әлемдегі жеткіншектердің тек 83%-і ғана қабылдады. Бұған медициналық қызмет көрсетудегі кедергілер, логистикалық қиындықтар және иммундауға қатысты теңсіздік әсер еткен. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы вакцинаны кез келген жерге жеткізе аламыз дейді.
Цитата: Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үлкен қауіп төніп тұрған елдердегі балалардың денсаулығын қорғау үшін барлық серіктермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Қызылшаға қарсы вакцинаны жеткізуге қиын деген аймақтардың өзіне апаруға дайынбыз. Тек тиісті келісімдер жасалуы керек.
Оңтүстік Суданда балалар арасында безгек індеті өршіп барады
Оңтүстік Суданда балалар арасында безгек өршіп барады. Індетпен күреске ел үкіметі дайын болмай шықты. Медициналық қызмет, дәрі-дәрмек және маман тапшы. Өйткені Оңтүстік Суданның денсаулық сақтау саласы негізінен халықаралық көмекке тәуелді.
Филипп Чуле, Денсаулық сақтау орталығының клиникалық қызметкері:
- Балаларды емдеу үшін ресурсымыз жеткіліксіз. Дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Науқас жеткіншектерді қабылдайтын бір ғана палата бар. Безгек өршитін мезгіл басталды. Бірақ індетке қарсы ешқандай іс-шаралар қолға алынып жатқан жоқ.
Еуропа мен Орталық азияда аптап ыстықтан балалар көз жұмуда
Аптап ыстықтың күшеюінен Еуропа мен Орталық Азияда жыл сайын 400-ге жуық бала көз жұмады. Бұл туралы ЮНИСЕФ-тің «Ыстықтың балалардың денсаулығына теріс әсері» атты сараптамалық есебінде айтылған. Осылайша, Дүниежүзілік балалар қоры климаттың өзгеруіне байланысты балалардың денсаулығына қауіп-қатердің жаңа түрі төніп отырғанын ескертеді.
Авторы: Ернат Мелсұлы