Қытай туризмнің қызығын көріп отыр
Қытайда визасыз режим туристер санын арттырды.
Қытай да туризмнің қызығын көріп отыр. Бұл елге жыл басынан бері барған туристер саны 14 миллионнан асты. Оның 8 миллионы - визасыз елдердің азаматтары. Бұл көрсеткіш 1 жылда 2 есе өскен.
Біз Германиядан келдік. Қытайда тобымызбен 2 аптадан бері саяхаттап жүрміз. Сапарымызды Бейжіңнен бастадық. Елдің оңтүстігіне бардық. Бәрі ұнап жатыр.
Хуаң Йимин, галерея менеджері:
- Шілде айында біздің дүкенге 5 үлкен саяхатшылар тобы келді. Олар көбіне каллиграфия суреттері мен шай сатып алады. Кейінгі 1 айдағы табысымыз 30 пайызға өсті.
Қытайдың Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, жаз мезгілінде ел бойынша 4 мыңнан астам мәдени-туристік іс-шаралар жоспарланған.
Италияның орталық аймақтарында 1930-50 жылдардағы көне пойыздар жолға шықты. Ол 58 туннель мен ескі көпірлерден өтеді. Жоба авторлары "Бұл - туризмнің жаңа түрі" дейді. Аталған идея алғаш Швейцарияда қолға алынып, осы сәтке дейін 13 бағыт бойынша жолаушы тасымалдап, жылына 45 мың туристі қамтитын деңгейге жетіп үлгерді. Жоба авторлары 2026 жылға қарай тағы осындай 2 теміржол желісін іске қоспақ.
Катерина Куаранта, жолаушы:
- Бұл пойыз менің жастық шағымды еске салады. Мен көне пойыздарды жақсы көремін. Өйткені қазіргі пойыздар өте жылдам жүреді. Дым көре алмайсың.
Витторио Феррони, көне пойыз қызметінің басшысы:
- Бұл туризмнің жаңа түрі. Пойыздардың жүрісі баяу. Яғни айналаны асықпай қарауға жақсы мүмкіндік береді. Италияның ел бара бермейтін аймақтарын аралайсыз, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысасыз. Жолда мәдени іс-шаралар да көп болады.
Испанияға биыл турист көп келді
Италиямен көршілес Испанияға қазіргі сәтке дейін 33 миллион турист барған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Мамандар "бұл - тарихи нәтиже" дейді. Жаз аяқталған туристер нөпірі әлі 13 пайызға артады деген болжам бар. Саяхатшылардың қаптап келуі жергілікті экономикаға серпін берген. Жалға берілетін үйлерге сұраныс 24 пайызға, ал қонақүйлерге қажеттілік 11 пайызға артты.
Андреа Савиоти, бизнесмен:
- Біздің елге туристер қаптап келіп жатыр. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Емін-еркін қыдырып, жақсы уақыт өткізуге болады.