Өзбекстанда парламент сайлауы өтеді
Өзбекстанда биыл күзде парламент сайлауы өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
Саяси науқан 3 ай мерзімге жалғасады. Ал қазан айының соңғы жексенбінде халық таңдау жасайды.
Еске салайық, бұған дейін көрші елде заң шығару орган өкілеттілігін өзгерту жөнінде шешім қабылданған еді. Құжатқа сай парламент палаталарының негізгі қызметі нақтыланып, сенаторлардың жалпы саны 100-ден 65-ке дейін қысқарды. Бұдан бөлек, төменгі палата депутаттары сайлау аралас жүйемен өткізілетін болды. Яғни, тең жартысы бір мандатты округтер атынан парламент құрамына енеді деген сөз. Қалғаны партиялық тізімнен таңдалмақ. Бұл жолғы саяси науқанда жергілікті кенгаш депутаттарын сайлау да көзделіп отыр. Осы өзгерістердің негізінде сенаттың бірқатар өкілеттігі заң шығару палатасына беріліп, елдегі партиялық ұйымдардың белсенділігі артуға тиіс. Сондай-ақ Өзбекстанда енді бір адам қатарынан екі мерзімнен артық бас прокурор лауазымына тағайындала алмайды. Мұндай тыйым сенат төрағасы мен заң шығару палатасының спикеріне де қолданылады. Бұрын олардың лауызымды иелену уақытына еш шектеу қойылмайтын.
Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Парламент сайлауы ел тарихында алғаш рет аралас, яғни мажоритарлы және пропорционалды жүйемен өтеді. Дауыс беру орындарындағы жұмыс процесі толықтай цифрландырылды. Депутаттыққа ұсынылған үміткерлердің кемі 40% әйел болуы міндетті талап ретінде белгіленді. Заң шығару палатасы мен сенаттың өкілеттік мерзімі де ұзартылды.