Дамушы елдерде «студенттік несие» беріле бастады

Әлем елдерінде білім беруді несиелендіру жүйесі жолға қойылған, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты алпауыттар студенттік несие бағдарламасын өткен ғасырда жүзеге асыра бастады. Дамушы елдер студенттерге білім беруді қолжетімді ету үшін несиелендіру жобасын біртіндеп қолданысқа енгізіп жатыр. 

Америкалық студенттердің қарызы көп

Білім беруді несиелендіру жүйесі қарқынды дамыған елдің бірі – АҚШ. Мұнда мемлекеттік қана емес, жеке банктер де студенттерді несиемен қамтамасыз етеді. Соңғы мәліметке сәйкес 43 млн америкалық студенттің қарызы бар. Оның жалпы сомасы 1,75 трлн АҚШ долларына тең. Яғни, әр екінші студент айына 300 долларға дейін берешегін өтейді. Несиенің бұл түрі ипотекалық несиеден кейін жиі рәсімделеді.

 

Англияда «студенттік несиеге» сұраныс жоғары

Англияда да студенттерді несиемен қамтамасыз ету бірізді жолға қойылған. Өйткені ЖОО-да білім беру гранты қарастырылмаған. Сол себепті үкімет студенттерге жылына шамамен 23 млрд еуро несие береді. Оқу ақысының қымбаттауына байланысты қарыз көлемі жыл сайын 20 млрд еуроға артып отыр. Қазір студенттердің мемлекетке берешегі 230 млрд еуроны құрайды. Сарапшылардың болжамына сәйкес 2040 жылы қарыз көлемі екі есе артады.

 

«Студенттік несие» бағдарламасы іске қосылды

Нигерия билігі студенттерге арналған несие бағдарламасын іске қосты. Несиеге 70 мың студент өтінім берген. Оларды пайызсыз қарызбен қамтамасыз ету үшін үкімет бюджеттен 35 миллиард фунт стерлинг бөлді. Билік бұл бастаманы білім беру жүйесін қолдап, студенттердің мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырып отыр. Ал қомақты қарыз алған студент қаражатты оқу ақысы мен білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған кәсіптік оқыту мекемелерінің қызмет ақысын төлеуге жұмсай алады.

 

Пайыздық мөлшерлемесі жоғары несие

Үндістанда студенттік несие білім алушылардың барлығына қолжетімді. Оны мемлекеттік және жеке банктер де рәсімдей береді. Бірақ пайыздық мөлшерлеме жоғары. Шамамен 8-16% аралығында болуы мүмкін. Ол несие сомасына, оқу мерзімі мен таңдалған университетке байланысты өзгеріп отырады. Студенттік несие рәсімдеу арқылы білім алушылар шетелде де оқи алады.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.