Мысырда ауыл халқы күннен энергия алып отыр
Әлемде биыл және келесі жылы электр энергияға сұраныс артады.
Тіпті кейінгі 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелуі мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігі осыны қазірден ескертіп жатыр. Электр қуатына деген мұндай рекордты сұранысқа не себеп?
Мамандар: «бұған бірнеше себеп бар», – дейді. Біріншіден, дүниежүзінде электр көлігінің өндірісі етек жайды. Ал екінші салмақты себеп – аптап ыстық. Энергетика мәселесін әр ел өзінше шешіп отыр.
Иранда аптап ыстық энергетика саласын қыспаққа алды
Иранда қазір күн ерекше шыжып тұр. Температура бағаны кей аймақта 50 градусқа жеткен. Мұндай ыстық кейінгі жарты ғасырда болмаған екен. Аптап елдің энергетикалық инфрақұрылымын қыспаққа алды. Үкімет барлық мемлекеттік мекеме мен банктердің жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Тек төтенше жағдай қызметкерлері мен құтқарушылар ғана үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Мамандар: «сынап бағанасы 1,5 градусқа көтерілген жағдайда 2300 мегаватт энергия артық жұмсалады», – дейді. Ал сарапшылар: «Иран үкіметі негізі энергетика саласына жыл сайын 6 миллиард доллар қаржы құюы керек еді, бірақ бұл талап орындалмай келеді», – деп сынайды. Осы сәтке дейін басынан күн өткен 225 адам ауруханаға жатқызылған.
Бахрам Байати, механик:
- Үкімет пен халықтың арасы алшақтап кетті. Жақсы, қарапайым тұрғындар бірдеңе қылып, тіршіліп етер. Бірақ үкімет өз міндетін жауапкершілікпен атқаруы керек қой. Қазірдің өзінде қалада электр тогы жоқ. Ми қайнатқан мына ыстықта жарықсыз және ауабаптағышсыз өмір сүру өте қиын.
Мысырда ауыл халқы күннен энергия алып отыр
Энергетика тапшылығынан Мысыр да зардап шегіп келеді. Экономикасы төмен елде бір жағынан дәстүрлі электр қуаты қымбат. Бірақ жергілікті халық қарап отырған жоқ. Шарқия аймағындағы Әл-Басайса ауылының тұрғындары жаппай күн сәулесін тұтынуға көшті. Тіпті олар жеке күн станциясын орнатқан. Онда сағатына 10 киловатт энергия өндіріледі. Әзірге аталған күн станциясы ауылдың жартысын электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Тұрғындар: «бұрын электр энергиясы үшін айына 400 фунт төлейтінбіз, қазіргі шығын 50 фунттан аспайды», – деп мәз.
Тантауи Әл-Саид, энергетик:
- Біздің ауыл бүкіл Мысырға, тіпті барлық әлемге үлгі болып отыр. Негізі бұл идея сонау 90-шы жылдары басталған. Бүгінде үлкен жобаға айналып, тұрғындар игілігін көріп отыр.
Қытайда көмірді адамсыз басқарылатын жүк көліктері тасиды
Қытайда көмір өндіруде 5G және жасанды интеллект қолданылып жатыр. Шэньст провинциясында адамсыз басқарылатын 31 ауыр жүк көлігі жұмыс істейді. Олар күніне 58 мың тонна көмір тасиды. Өздігінен жүретіндіктен, бұл жүк көліктеріне демалыс керек емес. Алдын ала орнатылған бағдарлама бойынша қиын жолдардан өтіп, жоспарланған жерге дәл жетеді. Бұлардан басқа, бұрғылау жұмыстары да автоматтандырылған. Барлық жұмысты 2-ақ диспетчер 3 экран арқылы басқарады.
Хи Айпиң, көмір кен орнының бас менеджері:
- Біз 5G, үлкен деректер, жасанды интеллект және басқа да технологияларды кеңінен қолданамыз. Қазіргі сәтке дейін жүйеге 43 мың деректер нүктесі іске қосылған. Бұл біздің өндірістің тиімділігін 20%-ке арттырды.
Қазір Қытай бойынша 570 көмір кеніші интеллектуалды жұмыс істеу жүйесіне көшкен. Ақылды технологияларға негізделген шахталарда 2 миллиардқа жуық тонна көмір өндіріледі. Бұл – елдегі көмір өндірісінің 40%-і.