ЮНЕСКО: Әлемдегі әр үшінші табиғи нысанға жойылу қаупі төніп тұр
ЮНЕСКО демекші, Үндістан астанасы Нью-Делиде дүниежүзілік ұйым комитетінің 46-сессиясы өтті.
Бірнеше күнге созылған жиында Әлемнің мұралар тізіміне жаңа нысандар қосылды.
Адамзаттың ортақ қамқорлығына алынуға тиіс табиғи және мәдени мұралар тізімі толығып жатыр.
Бірақ өкінішке қарай, сол табиғаттың зиянына ұшырап немесе қасақана әрекетпен жойылу қаупі төнген нысандар да бар.
ЮНЕСКО-ның соңғы мәліметі бойынша әлемдегі әр үшінші табиғи және әр алтыншы мәдени нысан жойылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған себеп көп. Олардың негізгілері аптап ыстық, құрғақшылық, ормандағы өрт, дауыл, су тасқыны және қаскүнем адамдар. Әсіресе, террористер қауіпті. 2014 жылы Ирактың Мосул қаласында содырлар XII ғасырда салынған, ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміндегі Әл-Нұри мешітінде «ДАИШ» лаңкестік ұйымын құрған болатын. Қазір радикалдардың көзі жойылған. Бірақ олар кетер кезде мешітке жасырын 5 бомба орнатқан екен. Әзірге жарылғыш заттың біреуі ғана залалсыздандырылған. Қалғаны бойынша жұмыс жүріп жатыр дейді ЮНЕСКО өкілдері мен Ирак билігі.
Шотландиядағы үлкен батпақ ЮНЕСКО қорғауына алынды
Әлемде алғаш рет шым тезекті батпақ ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Флоу-Кантри деп аталатын табиғат сыйы Шотландияның теріскейінде орналасқан және Солтүстік жартышардағы ең ірі батпақ болып саналады. Бұл жердегі шымтезек ешқашан шірімейді және үлкен көлемде көмірқышқыл газын жұтады. Бұған төменгі температура мен жоғары ылғалдық себеп. Кейінгі мәліметке сенсек, шымтезек 400 миллион тонна көміртегін өз бойына сіңіре алады. Бұл – Британияның бүкіл орманы жұтатын көмірқышқыл газынан көп мөлшер.
Милли Ревилл Хейворд, Құстарды қорғау қоғамының өкілі:
- Флоу Кантри әлемдегі барлық шымтезекті батпақтың 5%-ін құрайды. Бірақ басқалармен қарағанда ол жақсы сақталған. Ондағы шымтезектің қалыптасқанына 9 мың жылдан асады.Ол жерден қызылжемсаулы маймаққаз бен алтынжон татреңді табуға болады.
Жапонияның 4 ғасырлық алтын кеніші ЮНЕСКО тізіміне енгізілді
Жапонияның Садо аралындағы алтын кен орындары бүкіладамзаттық игілікке айналды. Онда асыл тас 400 жыл бойы игерілген екен. 1603 жылы басталған өндіріс 1989 жылға дейін жұмыс істеген. Кезінде бұл кенішке Корея түбегінің тұрғындары күшпен жұмысқа жегілген. Сондықтан кен орындарын ЮНЕСКО-ға тіркетуге Оңтүстік Корея қарсы боолған. Осылайша, Күншығыс елінің табиғи мұра саны 26-ға жетті.
Ко Накано, бастамашыл топтың жетекшісі:
- Бұған дейін бұл мәдени орын тек Жапонияның ғана қазынасы енді, енді әлемдік мақтанышқа айналды.
Қытайдағы жыл құстарының қорығы ЮНЕСКО мұрасына айналды
ЮНЕСКО тізіміне қосылған жаңа табиғи орындардың бірі – жыл құстарының Чунмин Дунтань қорығы. Ол – әлемдегі ең ірі сулы-батпақты алқаптар жүйесі. Бұл жер арқылы жылына 1 миллионнан астам құс жылы жыққа ұшады. Қорық аумағында құстардың 300 түрі ұя салады. Олардың 78-і жойылу қаупі төнгендіктен ұлттық деңгейде қорғауға алынған.
Бейжіңде 7 ғасыр бойы салынған сәулет кешені ЮНЕСКО тізіміне енді
Қытайдың тағы бір маңызды нысаны бүкіләлемдік мұра санатына енгізілді. Тек ол мәдени бағытта. Бейжің орталық өсі – жалпы ұзындығы 8 шақырымға созылып жатқан сәулет кешені. Оған бұрынғы патша сарайлары, бау-бақшасы, ежелгі ғұрып ғимараттары мен қоғамдық орындар кіреді. Қала мәдениетіне жататын бұл нысандар 7 ғасыр бойы үздіксіз салынып отырған. Бүгінде бұл жер мыңдаған турист келетін көрнекі орын.
Чжан Цзе, фотограф:
- Егер 10 жыл бұрын түсірген Бейжің орталық өсінің суреттерін салыстырсақ, едәуір өзгеріс барын көруге болады. Менің ойымша, осы кешенді салу кезінде тіршілік материалдық тұрғыдан да, рухани жағынан да жақсарған. Өте жақсы сақталған. Мен осы ғимараттарды суретке түсіруден еш жалығар емеспін.
Италияның 60-нысаны ЮНЕСКО мұрасына айналды
Италия тарихи ескерткіштерге өте бай. Солардың бірі – Ежелгі Рим дәуіріне тиесілі Аппиан жолы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосылды. Ол біздің заманымызға дейінгі 312 жылы салынған. Жолдың ұзындығы 800 шақырымнан асады. Ол Ежелгі Римді Мысыр, Грекия және Кіші Азиямен байланыстырып тұрған. Қазір ол ашық аспан астындағы музей болып саналады. Бүгінде бұл жол 12 қала, 70 елді мекен, 15 саябақ және 4 аймақ арқылы өтеді. Аппиан жолын 25 университеттің ғалымдары зерттеп жатыр.
Британияда белсенділер Стоунхенджге бояу шашты
Кейде ЮНЕСКО тізіміне енген нысандар – әлем назарын аудару құралына да айналады. Британияда 2 белсенді әйгілі Стоунхендж тастарына бояу шашып, залал келтірді.
Бұзақыларды басқа белсенділер тоқтатқан. Бояу шашқандар «Мұнай өндіруді тоқтат» ұйымының мүшелері болып шықты. Олар осы әрекетімен Британия билігінен 2030 жылға қарай ауаны ластайтын мұнай-газ бен көмір өндіруді тоқтатуды талап еткен. Олар «Зиянды қалдықты жоймасақ, ЮНЕСКО мұралары да жойылады» дегенді жеткізгісі келген.
ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларына жай нысан кірмейді. Енген әр мұраны көздің қарашығындай сақтау – бүкіл адамзаттың парызы.