Дания шаруалары әр мал басы үшін салық төлейді

Әлем елдерінде мал шаруашылығы секторы өркен жайып келеді.

Мамандар ірі қараны күтіп-баптау үшін инновациялық әдіспен тың жобаларды қолданысқа енгізе бастады. Зимбабве қуаңшылықтан мал шығынын азайту мақсатында ауқымды мал қора жобасын қолға алды. Ал Мароккода құрбандыққа шалынатын малды күтіп-баптайтын инновациялық аула іске қосылды.

Дания шаруалары әр мал басы үшін салық төлейді

Әлемдегі ең ірі сүт және доңыз етін экспорттаушы Данияда енді шаруалар әр мал басы үшін үкіметке салық төлейді. Олардың жыл сайын мемлекет бюджетіне аударуға тиіс төлем мөлшері ірі қара үшін 96 АҚШ долларына тең. 2035 жылға қарай оның көлемі 107 АҚШ долларына артады. Билік мұндай қадамға климаттық өзгерістердің алдын алу үшін барған. Өйткені жергілікті талдау орталығының дерегіне сүйенсек, мұнда ірі қара орта есеппен жылына 5,6 тонна көмірқышқыл газын бөліп, қоршаған ортаны ластайды екен. Заң осы жылдың соңында күшіне енеді.

  

Зимбабведе құрғақшылықтан 9 мың бас мал қырылды

Зимбабведе билік қуаңшылықтан мал шығынын азайту үшін ұлттық жоба іске қосты. Бағдарлама аясында қатты зардап шеккен аудандарда 400-дей ірі қара сиятын мал қора салып жатыр. Онда мамандар малды жақсылап бордақылау үшін су ұңғымасын қазып, мезгіл сайын мал азығын таратады. Ірі қараны әбден семіртіп, бордақылайды. Шаруалар қой-сиыры қалыпқа келгеннен кейін қайта алып кете алады. Биыл Зимбабведе қатты құрғақшылық кезінде 9 мыңнан астам мал қырылып қалды. Тағы 1,5 млн ірі қараға қауіп төніп тұр. Билік жоба нәтиже берсе, зардап шеккен басқа аймақтарда да бастаманы кеңейтуді көздеп отыр. 

 

Құрбан малды күтіп-баптайтын инновациялық қора салынды

Мароккода үкімет құрбандыққа шалынатын малды күтіп-баптайтын инновациялық қора құруды қолға алды. Онда шаруалар әр малға жеке ветеринарлық көмек көрсетіп, жем-сумен қамтамасыз етеді. Тұтынушы сатып алып кеткенше сол қорада жақсылап бордақыланады. Мамандар: «әсіресе Айт, Наурыз сияқты діни мерекелерде құрбан малдарға сұраныс артады», – дейді. Осы себепті бұл жоба сатып алушылар үшін тиімді болмақ деген пікірде.

  

Сербияда жем өндірісіне су-топырақ қолданылмайды

Сербияда гидропоникалық технология әдісімен мал азығы өндіріледі. Жем өндірісіне топырақ пен су ресурстары мүлдем қолданылмайды. Тыңайтқыш пен пестицид, отынды пайдалану да айтарлықтай азаяды. Өндіру процесі тек су ерітіндісінің көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Жоба авторлары: «Минерал, тыңайтқыштармен өсірілген жем сапасы мен өнімділігі жоғары, экологиялық таза әрі қауіпсіз болады. Сондай-ақ табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны үнемдеуге ықпал етеді», – дейді. Маңызды бастамаға Швейцария үкіметі қолдау көрсетіп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.