Әлемде туристік орындардағы вандализм үшін қатаң жаза қолданады

Италияда заңға сәйкес, егер саяхатшы қабырғаларды сырып, бүлдірсе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ 15 мың еуродан 60 мың еуроға дейін айыппұл салынады. Бұдан бөлек Италияда фонтанға шомылуға тыйым салынған. Бұл ретте тәртіп бұзғаны үшін бір турист шамамен 450 еуро айыппұл төлейді. 

Грекияда да туристерге қойылатын талап көп. Мысалы әйелдерге тарихи орындарға биік өкше киіп бармауға кеңес беріледі. Мұндай аяқ киім Акрополь немесе Парфенон сияқты ескерткіштердің аумақтарына зиян келтіруі мүмкін. Үкімет ежелгі ескерткіштер зақымдалады деп алаңдайды. Биыл жергілікті билік саяхатшы санын қысқартуды көздеп отыр. Келушілердің көптігі, туристік орындардың көркін қашырып, ғимараттарға залал келтірген. Осы ретте круиздік кемелермен келетін саяхатшы санын 17 мың адамннан күніне 8000-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр. 

Ал Қытайда мәдени ғимараттарды бүлдіріп, зиян келтірген туристке жеті түрлі жаза қолданылады. Оның ішінде ең қаталы жер аудару. Қытайдағы ең танымал туристік орын - Ұлы Қытай қорғанының қабырғаларын жазып-сызып белгі қалдырғандар қара тізімге енгізіліп, барлық туристік орындардан аластатылады. Тіпті кейін ол азаматтың ел шекарасынан өтуі қиындайды. 

Сингапурде де бұзақы туристерге қатысты жаза қатаң. Ең ауыр жаза тәртіп бұзғандарды 1 жылға түрмеге қамау болса, ең жеңілі 1500 доллар көлемінде айыппұл салу. Сондай-ақ, елде кез келген жерге қоқыс тастауға болмайды. Бұл үшін көпшілік алдында дүре соғады. 

Біріккен Араб Әмірліктерінде де вандализм заңмен қатаң жазаланады. Ол зақымдалған нысанның ерекшелігіне, дәрежесіне байланысты болады. Ғимараттардың қабырғаларын сызғаны үшін бірнеше ай түрмеге қамалады. Ал тарихи мұраларды бүлдірген сахяташы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Фариза Жанғанаева