Филиппинде күріш қымбаттады
Филлипинде күріш бағасы бір жылда бір жарым есе өсті, деп хабарлайды 24kz.
Оған ауа райының қолайсыздығы себеп. Қуаңшылықтан әлемде зәйтүн майы да қымбаттап жатыр. Ал АҚШ-та керісінше, азық-түлік арзандай бастаған.
Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге елдері сияқты филиппиндер үшін күріш негізгі азық-түлік саналады. Мемлекет оны ірі өндірушілердің ондығына кіреді. Бірақ соған қарамастан, өнім тұрғындардың барлығына бірдей жетпей жатыр. Себебі қуаңшылықтан өндіріс көлемі азайған. Оның үстіне ішкі сұраныстың артуына байланысты Үндістан импортқа тыйым салып, сырттан келетін өнім азайды. Содан баға шарықтап кеткен. Бір жыл бұрын күріштің келісі 40 песо тұратын. Ал қазір 60 песодан асқан.
Испанияда зәйтүн майының өндірісі қысқарды
Испания да құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Мұнда 3 жылдан бері аномальды ыстықтың беті қайтар емес. Содан зәйтүн майын өндіру екі есе азайған. Ал сұраныс артқан. Өйткені испандықтар зәйтүн майын барлық тамаққа пайдаланады. Сол себепті билік 1 шілдеден бастап қосылған қосымша құн салығын алып тастап, оны жұмыртқа, нан секілді ең қажетті тауарлар тізіміне қосты. Жалпы майдың әлемдік өндірісінің 45%-і осы Испанияның үлесіне тиесілі. Бірақ қуаңшылықтан биыл елде 2,3 миллион тонна зәйтүн өндіріледі деп күтілуде. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда аз. Сондықтан сарапшылар биыл баға тағы көтерілмесе, төмендеуі екіталай дейді.
АҚШ-та азық-түлік арзандай бастады
Ал АҚШ-та керісінше, азық-түлік бағасының төмендеуі байқалып отыр. Оған инфляция қарқынының баяулауы себеп. Мысалы қазір жеміс-жидек 2022 жылдың жазымен салыстырғанда 8%-ке, ал сүт 3%-ке арзандаған. Экономикалық саясат институтының мамандары баға келер жылы да төмендейді деп болжап отыр.