Парижде Олимпиада кезіндегі жолақы 2 есе қымбаттады
Жалпы біздің елде ғана емес, әлемнің бірқатар елінде қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттады.
Бұған басты себеп – әлемді жайлаған қымбатшылық. Автобус пен метрода жүру қалтаға салмақ түсіре бастады. Мысалы, Мәскеуде «Тройка» деген метро картасының бір билеті 65 рубль тұрады. Бұл қазақ валютасына шаққанда 359 теңге.
Парижде Олимпиада кезіндегі жолақы 2 есе қымбаттады
Парижде автобуста жүру ақысы 2 есе қымбаттады. Мұндай шешім Жазғы Олимпиада ойындары басталмай тұрып қабылданған. Қазір Франция астанасында автобус билеті 4 еуро тұрады. Біздің валютаға шаққанда 2 мың теңгеден асады. Қала әкімдігі қымбат тариф Паралимпиада ойындары аяқталғанға дейін сақталады деп ескерткен. Шетелдік туристерге «Париж-2024 саяхат картасын» сатып алу ұсынылады. Оны алған адам қала бойынша қалағанынша шектеусіз жүре береді. Картаның біркүндік бағасы 16, ал бір апталық құны 70 еуро тұрады.
Ксавьер Гепет, қоғамдық көлік компаниясының өкілі:
- «Париж-2024 қоғамдық көлік» қосымшасы – Олимпиада ойындарына келіп жатқан барлық адамдар үшін өте маңызды қолданба. Өйткені оның алған адам қала ішінде еш кедергісіз жүріп тұра алады. Сондай-ақ осы қосымша арқылы ең қолайлы бағдарды таңдауыңызға болады.
Ыстамбұлдағы автобуста жүру ақысы 13% қымбаттады
Ыстамбұлда да қоғамдық көлікте жүру ақысы 13% өсті. Автобус билеті 17 лирадан 20 лираға көтерілген. Бұл шамамен 287 теңге. Шағын автобус жолақысы да едәуір қымбаттады. Нақтырақ айтсақ, 18 лира болды. Бұл – 258 теңге. Қымбаттағаны туралы ақпаратты Ыстамбұл әкімдігінің транспорттық үйлестіру орталығы таратты. Жолақыны көтеруге елдегі инфляция мен шығын көлемінің артуы себеп болған.
Лондонда қоғамдық өлікте жүру ақысы 2025 жылға дейін өзгермейді
Ал Парижден 500 шақырымдай жердегі Лондонда қоғамдық көлік жолақысын көтеруге уақытқа шектеу қойылды. Шаһар әкімі Садик Хан осындай шешім қабылдаған. Британия астанасындағы билет құны соңғы рет өткен жылдың наурыз айында 6% көтерілген еді. Бірақ қазірдің өзінде арзан емес. Автобуста жүру ақысы шамамен 2 фунт стерлинг, яғни 1200 теңге. Ал метро билеті 2 мың теңгеге жуықтайды. Қазіргі тарифтер келесі жылдың наурызына дейін сақталады. Сарапшылар: «одан кейін тағы қымбаттауы мүмкін», – дейді.
Жалпы Британияда маусымдағы инфляция деңгейі 9,4% құрайды. Елде жанармай, дизель отыны, азық-түлік, оның ішінде халық көп тұтынатын жұмыртқа, сүт өнімдері, көкөніс пен ет қымбаттаған.
Рэйчел Ривз, Ұлыбританияның Қаржы министрі:
- Көптеген отбасы мен зейнеткерлер үшін өмір сүру құны көтерілгенін мен жақсы білемін. Бұл елде ешкімнің шекесі шылқып жүрген жоқ. Тұрып жатқан үйі үшін ипотека мен коммуналдық төлемді әрең төлеп жүрген британиялықтар жетіп артылады.
Германия үкіметі де инфляция ауыртпалығын жеңілдету үшін қоғамдық көлік жолақысын көтеруге уақытша шектеу енгізді. Неміс елінде 2023 жылдан бері айлық жолақы билеті сатылады. Оның өзі 49 еуро, яғни 25 мың теңге тұрады. Десе де аталған картаны бірінші айдың өзінде 3,5 миллион неміс азаматы сатып алған.