Қытайда АЭС құрылысы басталды
Әлемде жер шары халқының 43%-і, яғни 730 миллион адам электр қуатына қол жеткізе алмай отыр.
Әсіресе қара құрлық пен Азияда энергия тапшылығы қатты байқалады. Еуропада да электр қуатына сұраныс артып келеді. Кей елдер мәселені жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы шешіп жатыр.
Ал Қытай атом электр станциясы құрылысының екінші кезеңін бастады. Әлем елдерінің энергия тапшылығымен күрес тәжірибесі жайлы келесі топтамада.
Қара құрлықта электр қуаты тапшы
Әлем бойынша энергия тапшылығы қатты байқалатын аймақ – Африка. Қара құрлықта қоныстанған халықтың 75%-і электр қуатына қол жеткізе алмай отыр. Сол себепті билік жел, күн сияқты жаңғыртылатын энергия көздерінен өндіруді қолға алған. Африкадағы ең ірі күн электр станциясы Кенияда орналасқан. Онда шамамен 15 мың мегаватт энергия өндіріледі. Кения билігі күн фермаларының санын көбейту арқылы Африкадағы энергетикалық тапшылықты жоюға ниетті.
Египетте ірі энергетикалық кешен салынып жатыр
Африкадағы Египет те электр энергиясы жетіспеушілігін өткір сезініп отырған елдің бірі. Сол себепті ел билігі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ден қойған. Қазір мұнда энергия көздерін әртараптандырып, қазба отынына тәуелділікті азайту мақсатында күн энергиясын пайдалану бойынша ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады. Ірі кешен Асуан провинциясынан 40 шақырым жерде орналасқан. Жоба 40 күн электр станциясынан тұрады. Олардың 32-сінің құрылысы аяқталып, энергия өндіре бастады. Кешеннің Мысырдың ұлттық электр желісіне 1,5 гигаватт электр қуатын қосуға қауқары жетеді.
Қытайда АЭС құрылысы басталды
Қытайда энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін АЭС жобасы басталды. Фуцзянь провинциясында НИНДЭ атом электр станциясының екінші құрылысы жүріп жатыр. Бұл – провинциядағы алғашқы атом электр станциясы. Жоспар бойынша қуаты 6 млн кВт құрайтын блок салу жоспарланған. Бірінші кезектегі алғашқы 4 нысан 2008 жылы салынып, 2016 жылы пайдалануға берілді. Екіншісі былтыр дәл осы күні бекітілді. Олардың әрбіреуі шамамен бір миллион адамды электр энергиясымен қатамасыз ететін болады.
Германияда жасыл энергетика үлесі артты
Германияда келер жылы электр қуаты тапшылығы туындауы мүмкін. 2025 жылы ол 4, ал 2030 жылға қарай 30 ГВт-қа жетуі ықтимал деген болжам бар. Сол себепті неміс билігі кейінгі жылдары электр энергиясын баламалы қуат көздерінен өндіруге көп көңіл бөле бастаған. Нәтижесінде жыл басталғалы елде жел, күн және биомасса сияқты табиғи ресурстардан алынған энергия елде өндірілген жалпы қуаттың 58% құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 52% болған. Жергілікті үкімет электр қуаты тапшылығын болдырмас үшін елде өндірілетін барлық электр энергиясының 80%-ін баламалы қуат көздерінен алуды көздеп отыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.