Аптап ыстықтан әлемде орман өрті көбейді

Аптап ыстықтан әлемнің бірқатар елінде орман өрті жиіледі.

Қазір Еуропа мен Балқан түбегіндегі елдерде ахуал күрделі. Тілсіз жау арнайы қорғаудағы ұлттық саябақтарға қауіп төндіріп тұр.

Италия астанасы Римдегі Монте-Марио обсерваториясы орналасқан аймақта ірі өрт шығып, тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жаумен күреске 10 бригада жұмылдырылған. Жергілікті төтенше жағдай қызметінің мәліметі бойынша аймақта 1 айдан бері сынап бағанасы 38 градустан түспеген. Мамандар: «желден өрт әлі күшейеді», – деп болжап отыр.

Алапат жалын Испанияның Валенсия және Куэнке қалаларын да шарпыды. Сынап бағанасы 44 градустан асатын, ми қайнатар ыстықтан 1500 гектар жер өртеніп кеткен. Бұл – Испанияда кейінгі 2 апта ішінде тіркелген үшінші ірі өрт. Табиғи апатқа байланысты бірқатар елді мекенде қауіптің жоғары деңгейі жарияланып, 300-ден астам тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. 

Солтүстік Македонияда өрт сөндірушілер 3 күннен бері лаулаған жалынды ауыздықтай алмай жатыр. Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп жатыр. Әскерилер жұмылдырылып, тікұшақтар қолданылып жатыр. Бірақ мамандар: «өртті сөндіруге жел кедергі келтіріп тұр», – дейді. Өрттен ел астанасы Скопьеден шығысқа қарай орналасқан ауылдардың тұрғындары зардап шегіп, бір қарт кісі көз жұмды.

Балқан түбегіндегі Хорватия, Болгария, Албания елдерінде де ормандар отқа орынған. Хорватия даласын жайлаған өрттен ұлттық саябақтарға қауіп төніп тұр. Курорттық орын Тучепиде 2 күн ішінде 100 гектар орман алқабы өртеніп кетті. Алдын ала мәлімет бойынша қатты желдің әсерінен өртті сөндіру қиынға соғып тұр. Қазір жалынмен 240 өрт сөндіруші күресіп, 40-тан астам техника мен арнайы ұшақтар қолданылып жатыр. Қауіпті аудандардан тұрғындар көшіріле бастады.

Авторы: Фариза Жанғанаева.