Әлемде ауыл шаруашылығы саласына роботтар жаппай енгізіліп жатыр
Қалауын тапса, қар жанар. Қазір әлемде ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар жаппай енгізіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мұның пайдасы зор ма әлде зияны басым ба?
Ернат Мелсұлы, тілші:
- Әдетте қазіргі технологияны Smart деп атайды ғой. Яғни ақылға негізделген. Сондықтан инновациялардан залал жоқ деп нық сеніммен айтуға болады.
Технологиялар көп еңбек күшін қажетсінбейді, аз ресурс жұмсайды және ең жақсысы, қоршаған ортаға зардабын тигізбейді.
Англияда арамшөпті күйдіретін робот жасалды
Англияның Батыс Сассекс аймағында инноваторлар арамшөпті түбірімен жоятын робот жасап шығарды. Мамандар оны әзіл-шыны аралас «электронды шаруа» деп атайды. Ол жасанды интеллектіге негізделген бірнеше камераның көмегімен пайдалы дақылды танып, оның маңайындағы арамшөпті сәуленің күшімен күйдіріп жібереді. Өзі күннен қуат алады. Бұдан бөлек, робот дақылдарды суретке түсіріп, сол сәтінде серверге жолдайды. Әрі қарай өсімдіктің жай-күйі сараптамадан өтеді. Заманауи құрал 8 сағатта 1,5 гектар жерді өңдей алады.
Джеймс Миллер, инновациялық компанияның бас директоры:
- Бұл роботтың дақыл мен арамшөпті ажыратып, қажетсіз, зиянды өсімдікті жоюына бірнеше секунд қана керек. Осы сәтке дейін біз 3 миллионнан астам дақылды тексеріп, 40 гектардан астам аумақты жүріп өттік. Нәтижесінде 900 мыңға жуық арамшөп жойылды.
Осындайда бала кезде ауылда бау-бақшаның арамшөбін қолмен жұлған сәттер еске түседі екен.
Қытайда күрішті адам емес, робот егеді
Әлемде күріш өндіруден және жеуден алдына жан салмайтын Қытай сүйікті дақылын роботпен егуге кірісті. Жаңашыл жоба Хэйлунцзян провинциясында қолға алынған. Мамандар «Заттар интернетіне» негізделген инновация енгізген. Темір дөңгелектері бар мына техника адамсыз басқарылады. Күріш көшетін өзі жүріп, өзі егеді. Осының арқасында адам күшіне тәуелділік азайып, алқапты тиімді игеру көрсеткіші 95%-ке жеткен.
Ли Ин, технологиялық ақпарат орталығы бас директорының орынбасары:
- Біз инновацияға негізделген 10-нан астам жүйе жасақтадық. Басқаша айтсақ, «Интернет заттардың» ауыл шаруашылығы платформасын құрдық. Басында интерфейстерді біркелкі жасай алмай, деректерді өзара байланыстыра алмай, біраз қиналдық.
АҚШ-та инновациялық жылыжай жұмыс істейді
Америкалық мамандар да технологияны жылыжай шаруашылығына дендеп енгізіп жатыр. АҚШ-тың Кентукки штатындағы Бәрия қалашығында әлемдегі ең үлкен инновациялық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мұнда тұтас озық технологиялар желісі құрылған. Онда бүлдірген, қызанақ, жүзім сияқты жеміс-жидек өсіріледі. Мамандар осылайша, суды 90%-ке дейін үнемдеуге болады дейді. Қазір мұндай технологиялар қуаңшылық жайлаған АҚШ-тың батыс өңірлері үшін өте өзекті.
Джонат Уебб, инноватор:
- Жаңа технологиялдар аз шығын жұмсап, көбірек өнім алуға көмектеседі. Адамзат ауыл шаруашылығымен ежелге дәуірден бастап мыңдаған жылдар бойы үздіксіз айналысып келеді. Арбамен, трактормен егін екті. Енді жасанды интеллект, роботтар мен сенсорлық технологиялардың заманы туды.
АҚШ-пен көршілес Канадада қызықты әрі өзекті есеп жарияланды. Елдегі Конференциялар кеңесі арнаулы зерттеу жүргізіп, алдағы 10 жылда Канададағы ауыл шаруашылығына қатысты жұмыс орындарының 30%-і автоматтандырылған жүйеге көшетінін анықтаған. Бұл үрдіс әлемге таралып, тіпті біздің Қазақстанға да жетуі мүмкін ғой.