Париждегі Сена өзенінің сапасына қатысты сын көп

Олимпиаданың салтанатты ашылу шарасы мен триатлон сайысынан кейін күмән күшейе түспесе, сейілген жоқ, деп хабарлайды 24kz.

Өзенде, жүзуден жарыс өткізбек түгілі, жай шомылудың өзіне жүз жыл бұрын тыйым салынған. Соған қарамастан, жергілікті үкімет Олимпиада ойындары үшін оны тазалауға 1,5 млрд еуро жұмсады. Кейін таза екенін елдің Спорт министрі де, қаланың әкімі де, суға түсіп дәлелдемек болды. Сена суының сапасына сенуге бола ма?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Франция тарапы кәріз суларының арнасын бұрып жүріп, Сена суын қажетті стандартқа сай еткісі келгенімен, шілденің басындағы жауын-шашын өзендегі бактерияларды қайта көбейтіп жіберді. Салдарынан ерлер арасындағы триатлон кейінге шегеріліп, әйелдер арасындағы үшсайыс дуатлон бола жаздады. Стартқа 4 cағат қалғанда ғана судың тазалығына қатысты шешім шығып, триатлоншы қыздар жарысын бастады. Бірақ сол сайыста сынға түскен отандасымыз Екатерина Шабалина Сена суының ластығынан денсаулығы сыр беріп, жарысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Максим Кряк, ҚР Триатлон командасының бапкері:

- Сена өзеніндегі су сапасы атлетіміздің денсаулығын әсер етіп, ескі жараларын қоздырды. Содан болу керек, жарыс үстінде Екатерина өзін нашар сезінді. Қазір беті бері қарады. Уланудың белгілері байқалмайды. Бірақ физикалық жағдайынан бұрын, сайыс нәтижесіне қатысты психологиялық ахуалы көңіл көншітпей тұр.

Дәл сол жарыстан кейін әлеуметтік желіде Сена суының нашарлығын айтып, сынға алғандар көп болды. Мамандар өзен суының сапасына қатысты талдаулар нәтижесі бір апта бойы жаңартылмағанын алға тартты. Соңғы мәлімет 23 шілдеде жарияланған. Десек те, ашық ақпарат көздерінде Fludion зертханасының жарыс күні талдаған тәуелсіз анализі бар болып шықты. Олардың қорытындысы мынадай:

Цитата: Fludion зертханасының тәуелсіз бақылауының нәтижесі (2024 жылдың 31 шілдесі):

- Су сапасы жарыс басталғанға дейін де, одан кейін де денсаулыққа зиян келтіретіндей қауіпті деңгейде болды. Ішек таяқшаларының планктонды бактерияларының саны шектен аспаса да, су құрамынан нәжіс пен тұрмыстық қалдықтар табылды. Дәл сол қалдықтарда көп мөлшердегі ішек таяқшалары мен ауру тудыруы мүмкін қоздырғыштар болады. Бұл адам денсаулығына қауіпті.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Триатлоннан сынға түскен спортшылардың жағдайына қарап, дәл осы Сена өзенінің суы қаншалықты таза екенін өз көзімізбен көріп, тексергіміз келді. Бұл үшін өзеннің жағасына барып, мына ожаумен стаканға су алып көрмекпіз.

Жазғы маусымда Сенаның деңгейі аса жоғары болмайды. Сондықтан одан суды еңкейіп, жатып, қолымды барынша созып  барып алдық.

Сіздерге анық көрінуі үшін күнге қарай тосайын. Көріп тұрсыздар, алған суымыз таза деп айтуға келмейді. Өйткені бір ұсақ заттар қалқып жүргені көрініп тұр. Құм шөгіндісі де астына қарай түсіп бара жатыр. Бірақ жағымсыз иісі жоқ. Міне, осы суды сарапшылар талдау барысында жүзуге және су спортына қолдануға толықтай лайық деп тапқан.

Спортшылардан кейін Сена суына шомылу мүмкіндігі қарапайым халыққа да қолжетімді болмақ. Келесі жылдан бастап қайықтармен қатар адамдардың да жүзуіне рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ бұл ұсыныс қалай қабылданар екен деп жұрт пікірін сұрадық.

Блиц 1:

- Меніңше, Сенаға бір сүңгіп шыққанда тұрған ештеңе жоқ. Рұқсат берсе, шілденің шіліңгірінде өзім де шомылып шығар едім. Әттең, қол аяғым байлаулы.

Блиц 2:

- Өз басым бұл өзенге түсе қоймас едім. Егер су тазалығы қажетті мөлшерде болса, байқап көруге болатын шығар. Бірақ әлемдік деңгейдегі атлеттерді жинап алып, өмірлеріне бұлай қауіп төндіру дұрыс емес сияқты.

Блиц 3:

- Меніңше, триатлонның дәл осы өзенге қатысты бөлігі адамдарды әуре-сарсаңға салды. Сайыс өте ме, жоқ па деп дал болдық. Ұйымдастырушылардың қосалқы жоспары болмағанына таңым бар. Өзеннің лас екенін, ұзақ уақыт таза ұстай алмайтынын білді ғой.

Осы жауаптарға қарап, Сена суының сапасы зертханамен қатар қара халықтың да жіті бақылауында екенін түсіндік. Бірнеше күннен соң Париждің басты өзенінде жүзу марафонынан жарыс өтпек. Алайда оның да жаңбыр жауып жатса, өзен тағы ластанып, бактериялар көбейіп, кейінге шегерілу ықтималдығы жоғары.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Руслан Өміржан