Қырғызстанда көшпенділер ойындарына арналған тиын ақша шығарылды
Қырғызстан ұлттық банкі осы айда «Ат шабыс» коллекциялық күміс тиынын айналымға шығарады, деп хабарлайды 24kz.
Ол қыркүйекте Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған.
Күміс ақша әдеттегідей дөңгелек пішінде емес, төртбұрышты етіп жасалған. Онда салт атты 2 адам бейнеленген. Сонымен қоса Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эмблемасы да көрсетілген. Негізі тиынның құны 10 сом деп белгіленгенімен, шындығында 5 мың 580 сом болады. Бұл біздің ақшамен 28 мың теңгеге жуық. Онымен ресми түрде есеп айырысуға да болады.
Аида Карабаева, Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің басқарма жетекшісі:
- Бұл тиын ақшалар өте танымал болып отыр. 2016 жылы мұндай тиындар айналымға шығара салысымен бірден сатылып кеткен. Бұл жолғысы мың данамен шығарылды. Оларға қызығып, сұрап жатқандар көп.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қырғызстан атынан 268 спортшы қатысады. Олар жекпе-жектің бірнеше түрі, ат жарысы және зияткерлік ойындар бойынша бағын сынайды. Көрші ел спортшылары ат үстінде садақ атудан жүлделі оралуға ниетті. Оған дайындық көктемде басталып кеткен. Арнайы кезеңнен кейін халықаралық додаға 4 адам қатысуға рұқсат алды. Солардың бірі – Аида Акматова.
Аида Акматова, ат үстінде садақ атудан Қырғызстан құрамасының мүшесі:
- Биыл ойындарға қатысуға ниет танытқандар көп. Әсіресе мұндай үрдіс кейінгі 3-4 жылда байқалып отыр. Ат үстінде садақ ату – көшпенділердің ежелден келе жатқан мергендік өнері. Сондықтан қызығушылық жоғары.
Қазір қырғыз спортшылары шеберлігін шыңдап, дайындықтың ақтық кезеңінен өтіп жатыр. Өйткені дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бір ай ғана қалды.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев