АҚШ-та бейнеойын актерлері бас көтерді
Жасанды интеллект бейнеойын кейіпкерлерін дубляждайтын және қимыл-әрекетін сомдайтын актерларды ығыстыра бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған наразы мәдениет қызметкерлері АҚШ-тың Калифорния штатындағы Бербанк қаласында шеруге шықты. Олар: «Бізді жұмыстан шеттету – әділетсіздік», – дейді.
Ереуілдің Бербанкте өтіп жатқанында заңдылық бар. Бұл қалада Уорнер Бразерз, Уолт Дисней, Никелодеон сияқты әлемге әйгілі студиялар орналасқан. Шеруге шыққандар – Уорнер Бразерздің қызметкерлері. Бас-аяғы наразылық шарасы 2,5 мыңнан астам актерді қамтиді. Теледидар және радио әртістерінің федерация өкілінің уәжі мынадай.
Дункан Крабтри-Айэленд, Теледидар және радио әртістерінің федерация өкілі:
- Негізі жасанды интеллектінің жұмысына жүгінуге еш қажеттілік жоқ. Бейнеойын компаниялары, студиялар, стримерлер, дыбыс жазушылар дұрыс қадам жасамай отыр. Олар біздің әртістерді орта жолда лақтырып тастауға бекінген. Біз мұнымен мүлде келіспейміз. Жасанды интеллектіні тым артық қолданудың қажеті жоқ. Біз бәріміз мұндай әділетсіздіктен қорғана білуіміз керек.
Бұл актерлер бейнеойындардағы кейіпкерлерді шебер сомдайды, ән айтады, билейді, сан алуан дыбыстарды жазады және түрлі трюктер орындайды. Компаниялармен бұған дейін ұзақ уақыт келіссөз жүргізілген. Бірақ нәтижесіз. Жұмыс берушілер актерлардан бас тартып, жасанды интеллектіге жүгінбекші.
Энди Норрис, қозғалыс жасау актері:
- Бейнеойындардың бірқатар кейіпкерін мен өз қимылыммен ойнап, образын дайындап бердім. Енді компания өкілдері менің өзімді алып тастап, таспаға жазылған рөлдерімнің, қимыл-әрекетімнің негізінде жасанды интеллект арқылы бейнеойындар жасауды жалғастырмақшы. Бұл – менің құқығымды таптау, еңбегімді өрескел пайдалану.
Айта кетейік, былтыр Голливуд актерлері мен сценаристері бас көтеріп, олардың шеруі 4 айдан астам уақытқа созылып, әрең аяқталған еді. Ол кезде ереуілшілер жасанды интеллектіден қорғау шараларын енгізуге, жалақы мен сыйақыны арттыруға қол жеткізген болатын.
Авторы: Ернат Мелсұлы.