Венесуэлада қамалғандар саны 2 мыңнан асты

Венесуэлада президент сайлауына қарсы наразылыққа қатысып, қамауға алынғандар саны 2 мыңнан асты.

Бұл туралы мемлекет басшысы Николас Мадуроның өзі мәлімдеді. Ел астанасы Каракаста оны қолдау шарасы өтті. Жиналғандар бейбітшілікті жақтап, қазіргі президенттің сайлаудағы жеңісін тойлауға шақырған. Венесуэлада 28 шілдедегі Президент сайлауында Мадуро 51% дауыспен жеңіске жетті деп ресми жарияланған еді. Бірақ оппозиция олардың үміткері 73% дауыс жинады деп жаппай шеруге шыққан. Содан бері тәртіпсіздіктен 12 адам ажал құшқан. 250 полиция бекетіне шабуыл жасалып, ұрлық-қарлық, вандализм оқиғалары тіркелді.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

- Әділет орнау үшін жазаны барынша күшейтеміз. Ешкімге кешірім болмайды. Оппозиция үміткері Гонсалес Уррутиа мырзаның айтқан барлық сөзі қылмыстық іске тіркеледі. Ол Конституцияны, соттар мен заңдарды бұзғаны үшін қатаң жазаға тартылады.

 

Венесуэлада оппозиция әлі көшеде жүр

Билікке қарсы топ та көшеде жүр. Оларға оппозиция жетекшісі де қосылды. Мария Корина Мачадо 1 тамызда «The Wall Street Journal» басылымына берген сұхбатында: «Өміріме қауіп төніп тұр, тығылып жатырмын», – деген еді.

Мария Корина Мачадо, оппозиция жетекшісі:

- Біз арандатуға берілмейміз. Биліктің бар сүйенгені – зорлық-зомбылық. Біз ешқандай шабуыл ұйымдастырып жатқанымыз жоқ. Сайлау аяқталғалы арада 6 күн өтті. Бірақ сайлау нәтижесін дәлелдейтін бірде-бір жазба көрсетілген жоқ. Олар аяусыз қуғын-сүргінмен бізді қорқытамыз, аузын жазамыз деп ойлайды.