Албанияда екі аптадан бері орман өртеніп жатыр

Албанияда жасыл желек отқа оранып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Екі аптадан аса уақыт өтсе де, мамандар әлі күнге дейін орман өртін сөндіре алмай әлек. «Негізгі кедергі - аймақтағы аптап», - дейді олар. Өз кезегінде Қытай лай көшкінінің зардабымен күресуде. Құтқару жұмысына жүздеген маман тартылған.

Албанияда орман өртеніп жатыр. Тілсіз жау жүздеген гектар алқапты күлге айналдырған. Әсіресе Либражд, Грамши, Химара мен Конисполи аймақтарындағы жағдай күрделі. Сондықтан аталған өңірлерге 300-дей маман жіберілген. Ондаған техника тартылған. Қызыл жалынды тезірек ауыздықтау үшін тікұшақ та қолданылып жатыр. «Бірақ оған аймақтағы аптап пен екпінді жел кедергі келтіріп тұр», - дейді өрт сөндірушілер. Өз кезегінде жергілікті полиция орманға қасақана өрт қойды деген күдікпен 5 адамды қамауға алды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

 

Қытайда лай көшкінінен 8 адам көз жұмды

Ал Қытайдың Сычуань провинциясында алапат лай көшкіні жүрді. Соның салдарынан 8 адам опат болды. 19 тұрғын жоғалып кетті. Жолдар мен көпір қирап, бірнеше көлік орға құлады. Қазір оқиға орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Оған 300 маман жұмылдырылған. Билік өкілдерінің айтуынша, осы уақытқа дейін қауіпті аймақтан 100-ден аса адам көшірілген.

 

Румынияны құрғақшылық қыспаққа алды

Румынияны құрғақшылық қыспаққа алып жатыр. Жаз басталғалы ел аумағында жауын-шашын болмаған. Соның кесірінен Талабаска көлі тартылып қалған. Аптап ыстық ауыл шаруашылығына да айтарлықтай әсер еткен. Жүгері мен күнбағыс алқаптары қурап, диқандарды қып-қызыл шығынға батырған. Осыған байланысты жергілікті ауыл шаруашылығы министрі фермерлерге өтемақы берілетінін мәлімдеді.