Бангладеш премьер-министрі отставкаға кетті

Ұлыбританияның үкімет басшысы ел ішіндегі тәртіпсіздіктерге байланысты үкімет комитетінің төтенше отырысын өткізді.

Елдегі ахуалды реттеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөнінде кеңесті. Ал Бангладеш премьері жаппай ереуілдер кезінде отставкаға кетіп, отбасымен бірге шетелге қашты.

Бангладеш премьер-министрі отставкаға кетті

Бангладештің Премьер-министрі Шейх Хасина жаппай наразылықтар байланысты қызметін босатып, елден кетті. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, саясаткер отбасы мүшелерімен бірге Үндістанға аттанған. Армияның бас қолбасшысы жасаған мәлімдемеге сәйкес енді аталған елде уақытша үкімет құрылады. Осыған байланысты Бангладеш астанасында мыңдаған адам көшеге шығып, жеңіс жайлы ұрандатты. Бір топ белсенді тіпті үкімет басшысы резиденциясын басып алды.

Айта кетейік, Бангладеш азаматтары жуырда үкіметке қарсы бас көтерген болатын. Жаппай шерулер кезінде 200-ден аса адам көз жұмып, 10 мыңға жуық белсенді қамауға алынды. Бүкіл ел бойынша коменданттық сағат жарияланып, білім ошақтары жабылды. Интернет бұғатталды.

 

Бейрут тұрғындары қаладан қашып жатыр

Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты Бейрут тұрғындары жаппай қаладан қашып жатыр. Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбританияның елшіліктері өз азаматтарына Ливаннан кетуге кеңес берген болатын. Франция, Канада, Швеция мен Иордания елдері де дәл осындай қадамға барды. Аймақтағы ахуалдың күрделенуінен әлемнің көптеген әуе компаниясы Бейрут пен Тель-Авив бағытындағы рейстерін тоқтатқан.

Айта өтейік, тараптар арасындағы шиеленіс өткен айдың соңында өршіді.

 

Солтүстік Корея шекараға 250 баллистикалық зымыран орналастырды

Солтүстік Кореяның шекарасына 250 су жаңа тактикалық баллистикалық зымыран қойылды. Осы елдің орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, ол шекара әскерінің негізгі шабуылдаушы қаруы болады.

Айта кетейік, кеше ғана Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі соғысқа дайындық ретінде ядролық күшті дамытатыны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Ведомство өкілдерінің айтуынша, АҚШ пен Оңтүстік Корея түбектің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп тұр. Өз кезегінде ресми Сеул зымырандардың шекараға орналастырылуына үлкен алаңдаушылық білдіріп: «Аталған қару Оңтүстік Кореяға шабуылдау үшін жасалып отыр», – деп мәлімдеді.  

 

Ұлыбританиядағы тәртіпсіздіктер: төтенше үкімет комитетінің отырысы өтті

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер елдегі жаппай наразылықтар кезінде мигранттарға қарсы зорлық-зомбылықтың күшеюіне байланысты төтенше үкімет комитеті отырысын өткізді. Бұл туралы Sky News телеарнасы хабарлады. Бұған дейін шерушілер босқындар тұрақтаған 2 қонақүйге шабуылдаған еді. Кейін тәртіп сақшыларымен қақтығысқан болатын. Соның салдарынан 11 полицей жарақат алды.

Естеріңізде болса, Ұлыбритания қалаларындағы жаппай тәртіпсіздіктер Саутпорттегі балалар би клубына жасалған шабуылдан кейін басталды. Қарулы қақтығыстан 3 бала көз жұмып, бірнеше адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Көз ұзамай күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. БАҚ өкілдері таратқан ақпар бойынша шабуыл жасаған жігіт руандалық отбасынан шыққан Уэльс тұрғыны болып шықты.