Британияда мигранттарға қарсы толқулар тыйылмай тұр

Ұлыбританиядан маза қашты.

Радикалды топтар ислам дініне қарсы ұрандатып, мешіттерге, мигранттар тұратын қонақүйлерге шабуылдап жатыр.

Әсіре оңшылдар мен полиция қызметкерлерінің арасындағы қақтығыстар да ушығып тұр. Үкімет басшысы министрлер және полиция өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізген.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Наразылықтар би сабағына қатысқан үш кішкентай қыздың өлімінен кейін басталды. Оқиға кезінде тағы он шақты адам жарақат алды. Қайғылы жағдай Англияның теңіз жағалауындағы Саутпорт қаласында болды.

Полиция қылмыстың себебін анықтап жатыр, бірақ оның терроризммен байланысы жоқ деген болжам бар. Әлеуметтік желілерде қылмыскер радикалды мұсылман-мигрант деген фейк тарап, толқуларды үдетті. Полиция 17 жастағы күдіктінің Ұлыбританияда дүниеге келгенін хабарлады.

Иветт Купер, Ұлыбритания ІІМ министрі:

- Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратылып, қатыгездіктің күшеюіне алып келді. Полицейлерге тас лақтыру, мешіттерге шабуыл жасау, дүкендерді тонау - бұл ақылға қонбайтын заңсыз әрекет. Кінәлілер міндетті түрде жазаланады.

Ұлыбритания премьер-министрі COBRA төтенше жағдайлармен күрес комитеті мүшелерінің басын қосты. Министрлер, полиция, барлау қызметкерлері және басқа да жауапты мамандар дағдарыс жағдайында департаменттердің шешім қабылдауын және жұмыстарды үйлестіру барысын талқылады.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Біздің елдің халқы қауіпсіз өмір сүруге құқылы. Дегенмен, мұсылман қауымдастығы мүшелерінің қудаланғанын, мешіттерге шабуыл жасалғанын, нәсілшілдердің мағынасыз зорлық-зомбылыққа барғанын көрдік.

Полиция жаппай тәртіпсіздіктерге әсіре оңшылдар ұйымының тікелей қатысы бар деп мәлімдеді. Англия қорғаныс лигасының негізін қалаушы Томми Робинсонның әлеуметтік желілерде оқырманы көп. Ол өзінің идеяларын тарату үшін платформаларды белсенді пайдаланады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының талдауына сәйкес, Томми Робинсон сияқтылар халықты наразылыққа итермелеп, өздері сүттен ақ судан таза кейіпте. Фейк ақпараттың желдей есіп тұрған шағында бұл үрдіс жалғаса берсе, үкімет шұғыл шара қабылдауға мәжбүр болады.

Ғалымжан Қараманұлы