Әлемдегі үздік университеттер
Әлемде АҚШ пен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары ең үздік саналады.
Мұны Квакварелли Симондс рейтингі айғақтап отыр. Мамандар 105 елдің бір жарым мың білім беру ошағындағы жағдайды саралаған. Соның ішінде америкалық, британдық және Қытайдың универсеттері жиі кездеседі.
Жоғары білім беру саласындағы аналитикалық Квакварелли Симондс рейтингін құру кезінде бұл мекемелердің ғылыми ортадағы ғана емес, жұмыс берушілер арасындағы беделі де ескерілген. Сонымен қоса халықаралық қарым-қатынастары, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігі, оқытушылар мен студенттер санының ара қатынасы, ғылыми мақалалардың жиі жариялануы, шетелдік студенттер мен мұғалімдер саны және түлектерінің жұмыстағы жетістіктері де есепке алынады.
Сөйтіп Квакварелли Симондс рейтингі бойынша осымен 13 жыл қатарынан Массачусетс технологиялық интутитуты ең үздік деп танылған. Алғашқы үштікке Лондоннның империялық колледжі мен Оксфорд университеті кірді. Цюрихтегі Швейцарияның жоғары техникалық мектебі мен Сингапур ұлттық универитетінен басқа үздік ондықтағы оқу орындарының бәрі АҚШ пен Ұлыбританияда орналасқан.
Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, британдық университеттердің жұмыс берушілер арасында беделі жоғары. Олар сондай-ақ шетелдік студенттер саны жағынан да алдыңғы қатарда. Канадалық түлектер жұмысқа орналасу бойынша жақсы нәтиже көрсетуде. Ал америкалық мекемелер ұстаздар мен студенттер санының қатынасы бойынша үздік саналады. Австралияның оқу орындары академиялық беделі мен халықаралық зерттеу желісі жағынан ерекшеленіп отыр.
Бұл жолғы рейтингке қарап, әлемде Азия универитеттерінің беделі артып келе жатқанын көруге болады. Мысалы, Бейжің университеті 17-орыннан 14-ке көтерілген. Индонезия, Пәкістан мен Түркияның да рейтингтегі реті жаман емес. Тізімге Қазақстанның 21 жоғары оқу орны кірген. Солардың бесеуі бірнеше сатыға көтерілген.
Жұлдыз Атагельдиева