Германияның АЭС-тен бас тартуы ауыр салдарға әкелді
Экологияға зиянын ең аз тигізетін қуат көзі – ядролық энергия.
Қоғамда қалыптасқан түрлі пікірге АҚШ-тың, Radiant Energy компаниясының сарапшысы осындай дәйек келтіреді. Атом электр стансысы экономикалық тұрғыдан да тиімді. Мәселен, одан бас тартқан Германия қазір қиын жағдайға қалған көрінеді. Энергия тапшылын шешу үшін қомақты қаржы шығындауға мәжбүр.
Кейінгі жылдары «кәрі» құрлықты жайлаған энергетикалық дағдарыс Германияға тіптен ауыр тиді. Өйткені атом энергиясынан бас тартқан соң оны алмастыру үшін әлдеқайда қымбатқа түсетін «балама» энергия көздерін іздеуге кіріскен. Бірақ ол елдегі энергия тапшылығын шешуге аздық етіп тұр.
Сауалнама:
- Мені уайымдататыны, бүкіл әлем атом электр стансыларын салып, алға ұмтылып жатса, Германия одан бас тартып, кері кетіп жатқан сияқты. Себебі атом электр стансысы технологиялық прогреске тікелей әсер етеді. Қазір өндірісте қауіпсіз АЭС салудың құралдары жаңа формада шығып жатыр. Олардың климатқа еш кері әсері жоқ.
- Шынымды айтсам, ККІ 2 сияқты электр стансысының болғанын қалар едім. Себебі ол жерде қауіпсіздік әлем бойынша бірінші деңгейде. Бірден бас тартпай, мәселеге байыппен қарау керек еді. Ядролық қалдықтарды қайда жіберу жағын ойлануға тиіспіз. Бірақ оның шешімі стансыларды жабу болғаны қалай? Германия ғана бас тартты.
- Біз Фукусима апатынан кейін аяқасты барлық АЭС-терді жауып тастадық. Бізден алыста болған апат қой. Меніңше, бұл шешім өте асығыс жасалды. Қазір халық арасында жасыл энергетика көздеріне қатысты үлкен талқы бар. Германияда энергияны көп мөлшерде талап ететін өндіріс көп. Сондықтан тезірек бір жолын табу керек.
Рас Фукусимадағы апаттан кейін Германияда атом стансысынан бас тарту мәселесі қызу талқыға түсті. Саяси ұпай жинау мақсатында жасылдар партиясы АЭС-тің экологиялық зиянына қатысты идеяны алға тартып, халықты өз жағына шығаруға күш салған. Ақыры дегендеріне жетіп, 2011 жылдан бері қарай стансыларды біртіндеп жаба бастады. Былтыр сәуірде соңғы үшеуінің жұмысы тоқтады. Radiant Energy Group сарапшысы Марк Нельсонның айтуынша, бұл шешім Германияның экономикасына әсер етпей қоймады.
Марк Нельсон, Radiant Energy Group компаниясының басқарушы директоры:
- Біраз жылдан бері энергия бағасы шарықтап тұр. 2022 жылдан бері баға айтарлықтай өскен. Германия атом стансыларын сақтап қалғанда ондаған миллиард еуросын үнемдер еді. Бұл тек АЭС қуатын пайдаланатын компаниялар емес, қарапайым тұтынушыларға да қатысты. Стансыларды сақтап қалғанда электр қуатын өндіретін кәсіпорындар елден кетпес еді.
Соңғы атом стансысын жапқаннан соң Германияда ауаға таралатын көмірқышқыл газ эмиссиясының сәл азайғаны рас. Бірақ бұған стансы емес, энергия өндіріп, оны тұтынатын өндірістердің елден кетуі себеп. Неміс экономикасына кесірін тигізген тағы бір фактор осы болса керек.
Марк Нельсон, Radiant Energy Group компаниясының басқарушы директоры:
- Немістер 2011 жылы атом стансылары керек емес деп есептесе, 2022 жылдан бері қарай олардың қаншалықты маңызға ие екеніне көзі жетті. Қазір Бельгия, Нидерланды, Франция, Швейцария сынды Еуропа елдері атом энергиясын қолданып жатыр. Тіпті бұған дейін көмір жағып келген Польшаның өзі ұлтық атом энергиясы бағдарламасын дамытуға кіріскен.
«Ең таза деген атом энерго стансысы бөлетін көмірқышқыл газының үлесі киловатт сағатына 2,5 грамм шамасында ғана. Ал әлемдегі атом стансыларының көбі ауаға 5 грамдайын бөледі», – дейді Марк Нельсон. Америкалық сарапшының пікірінше, АЭС-тің экология тұрғысынан ғана емес, экономика тұрғысынан да тиімділігі жоғары.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ердана Ержанұлы.