Қытайда 26 атомдық блок салынып жатыр

Көрші Қытай елі атом электр станцияларының санын көбейтті, деп хабарлайды 24kz.

Қазір онда 26 атом блогы салынып жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Осының арқасында миллиардтан астам халқы мен мыңдаған өндіріс орны бар шығыстағы көршіміз энергия тапшылығын жойып отыр. Бүгінде атом электр станцияларын салуға қажетті агрегаттар мен қондырғыларды өндіріп өзге елге тәуелділіктен құтылған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Уақыт өткен сайын әлемде энергия тапшылығы артып келеді. Бүгінде дүниежүзі бойынша 733 млн тұрғын электр қуатына қол жеткізе алмай отыр. Бұл проблема Азия елдері аумағында да өткір тұр. Стратегиялық мәселені әлем елдері ядролық жолмен өндіруге басымдық беруге тырысып жатыр. Мәселен Қытай бұл бағытта іркілместен іске кірісіп кетті.

Чжоу Бо, Қытайдың ядролық энергия қауымдастығының жетекшісі:

- Ядролық энергия өндірісі саласындағы компаниялар бұрынғыдай реакторларды жеке-жеке салмайтын болды. Қазір бірден бірнешеуінің құрылысы жүргізіле бастады. Осының арқасында еліміз кешенді атом энергетикалық жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай алға жылжып отыр. Қазір салынып жатқан жобалар тұрақты, сапалы, заманауи технологияға негізделген. Ең бастысы қауіпсіз.

Бүгінде жалпы саны 55 атом электр станциясының энергоблоктары жұмыс істеп тұр  Оның 53-і коммерциялық. 32 жылдан бері жұмыс істеп тұрған АЭС-тер бар.

Былтыр ядролық жолмен  жалпы көлемі 433 миллиард киловатт-сағат энергия өндірілген. Алайда бұл Қытай үшін жеткіліксіз болып отыр. Елде өндіріс орындары артып, қуаты көбейген сайын энергияға сұраныс артқан. Саланы инвестициялап қаржыландыру кейінгі 5 жылда рекордттық деңгейге жетті. Өткен жылы бұл салаға 13 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салынған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,76 млрд АҚШ долларына көп. Бұл АЭС құрылысына серпін берді. Қытай ядролық энергетика қауымдастығының мәліметіне сәйкес, қазір елде тағы 26 атом энергиялық блогының құрылысы жүріп жатыр. Оның жалпы қуаты – 30,3 миллион киловатт. Әзірге Ресей мен АҚШ-тан кейін үшінші орында тұр. Қазір ел билігі ескі АЭС-терді жаңғыртып, жаңа заманауи технологиямен жабдықтап жатыр. Осы арқылы энергия өндірісін еселеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Шань Сяньхэ, Циньшань АЭС бас директоры:

- Ядролық энергия өндірісіндегі бүгінгі технология өткен ғасырдағы технологиядай емес. Әлдеқайда қауіпсіз. Ғылыми-техникалық зерттеу жасалған. Соған сәйкес жаңадан салынғандарымен қатар ескі энергоблоктар да жаңғыртылып жатыр. Бұл әлеуметтік-экономикалық жағынан аса тиімді. Мәселен, Циньшань атом электр станциясы 30 жыл үздіксіз жұмыс істеп, бүгінгі күнге дейін 810 миллиард киловатт-сағат энергия өндіріп ұлттық экономикаға қыруар пайда әкелді. Енді бұрынғыдан да қауіпсіз бола түсті.

Қытай отандық атом энергетикалық технологиясын жасап, жаппай қолданысқа енгізді. Құрылысқа қажетті толық тізбек қалыптасып, импортқа тәуелділіктен арылды. Бүгінде АЭС жабдықтары мен қондырғыларын өздері шығарады. Осының арқасында қауіпсіздікке толықтай кепілдік беріп отыр. Қазір АЭС орналасқан теңіз төңірегіндегі елді мекендерде миллиондаған халық өмір сүріп жатыр.

Фэн Чанхао, теңіз өнімдерін сатушы:

- Бұл өнімдердің барлығы осы теңізден ауланады. Теңіз өнімдерін бүкіл аймақтың тұрғындары тұтынады. Жағалаудан көтерме бағамен алып нарыққа шығарамыз. Бұл біздің тұрақты ата кәсібіміз. Балықшылардың бәрі жергілікті тұрғындар.

Суй Лиронг, турист:

- Теңізге шомылуға келдік. Балалардың жазғы демалысы аяқталуға жақын. Бос уақытты пайдаланып, отбасымызбен демалып жатырмыз. Жағажайға біз сияқты туристер көп келген. Қауіпті болса ешкім келмес еді деп ойлаймын.

Қытай әлем бойынша атом энергетикасы дамыған елдер арасында үздік үштікке кіреді. Қазір бір уақытта бірден ең көп АЭС салынып жатқан бірден бір ел. Көрші мемлекет бұдан бөлек, ядролық технологияны радиациялық зарарсыздандыру, медицина, мутациялық селекция сияқты маңызды салаларда да белсенді қолданып отыр. Мамандар мұны адамның өмір сүру деңгейін арттырып, әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында жасалып жатқан батыл қадам деп түсіндіреді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы