Араб және Африка елдерінде әр үшінші жас жұмыссыз жүр

Баланың оқығаны, озғаны, жақсы, әрине. Үкімет те бар жағдайын жасайды, ата-ана да мәпелеп өсіреді. Тек мектеп, жоғарғы оқу орнын аяқтап жатқан жасқа жұмыс бар ма?

Дегенмен әлемде жастар арасында жұмыссыздық азайып келеді деген ақпар бар. Халықаралық еңбек ұйымының жаңа есебі бойынша 15 пен 24 жас аралығындағы жұмыссыздар қатары кейінгі 4 жылда орташа алғанда 8% төмендеген.

Негізінен Еуропа елдерінде жұмыссыздықпен күрес жақсы жүріп жатыр. Бірақ әлемнің кейбір елдерінде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар әлі де жетіп артылады.

Әлемде жұмыссыз жастар азайды 

Бүгінде дүниежүзінде 65 миллион адамның жұмысы жоқ. Бұлар – отау құрар 13-тен асып, 15-ке толған және «қайран 25-ке тола қоймаған» 24-тегі нағыз қылшылдап тұрған жастар. Женевада арнаулы отырыс жасаған Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Жастарды жұмыспен қамтуда «кәрі» құрлық алда тұр. Еуропада кейінгі 1 жылда экономикалық жағынан пайдасыз жастар саны 2,5 миллионға қысқарған. Бірақ әлі 13 миллион еуропалық жас сенделіп бос жүр. Олар әсіресе Испания мен Грекияда көп. «Ал Чехия, Польша мен Мальтадан жұмыссыз жасты табу қиын», – дейді сарапшылар. Жұмыссыздықты азайтуға коронавирустан кейінгі экономиканың қалпына келуі және еңбек күшіне деген сұраныстың артуы себеп.

Миа Сеппо, Халықаралық еңбек ұйымы бас директорының орынбасары:

- Жастар арасындағы жұмыссыздық рекордты деңгейде төмендеген. Осы көрсеткіштің 13% қысқаруы – кейінгі 15 жылдағы ең төменгі деңгей. Бірақ барлық аймақтағы жағдай біркелкі емес. Бізге әлі де көп жұмыс атқару керек.

 

Араб және Африка елдерінде әр үшінші жас жұмыссыз жүр  

Ең үлкен жұмыссыздық деңгейі Араб және Солтүстік Африка елдеріне тиесілі. Бұл аймақтарда әр үшінші жас масылға айналған. Оның үстіне Африкадағы жастардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығында тер төгіп жүр. Ал жоғары оқу орнын бітірген, табақтай дипломы бар жастар жұмыс табай алмай әлек.

Элио Хори, жұмыссыз:

- Университетті «Машина жасау» мамандығы бойынша бітірдім. 4 жылымды жоғары білім алуға, білікті маман атануға жұмсадым. Бірақ диплом алғанымды қайтейін, мені жұмыс берушілер «тәжірибең жоқ» деп алмай жатыр. Құжатымды құшақтап, бос жүрмін.

 

Оңтүстік-Шығыс Азияда жастардың 25%-астамы – жұмыссыз

Жастар арасындағы кіріптарлықты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де байқауға болады. Бұл аймақтағы жастардың 25% астамы – жұмыссыз.

    

Қытайда жұмыссыз жастар қатары артуы мүмкін

Бұрын аталған статистикадан Қытай шықпайтын. Бірақ кейінгі 3 айда көрші елдегі жастар жұмыссыздығы 7%-ке төмендеген. Алайда қуануға әлі ерте. Өйткені «Уолл Стрит Джорнал» басылымы таяуда 12 миллион Қытай жасы жоғары оқу орнын бітіреді, сонда оларға жұмыс табу қиындайды деп ескертеді.

 

Үндістанда жас IT мамандарға жұмыс табу қиын  

Халық саны бойынша әлемде бірінші орын алатын Үндістанда да жастарға қиын. Бұл елде 20 мен 29 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 45,5% құрайды. Әсіресе ақпараттық технология мамандығына ие өрендер далада қалып жатыр. Бұл салада керісінше үнемі қысқарту болады. Былтыр IT мамандарын жұмысқа орналастыру алдыңғы жылмен салыстырғанда 18% төмендеген. Таиландта да осы жағдай.

Сарасвати Перенчио, жұмыссыз:

- Менің замандастарым үшін қазір жалақы маңызды. Жастардың көбі аз айлыққа бола жұмыс істегісі келмейді. Бәрі бай-бақуатты өмір сүргенді қалайды. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Қазіргі жастар мардымсыз жалақы алғанша жұмыссыз жүргенді құп көреді.

Мамандар тағы бір өзекті мәселеге назар аударуды сұрайды. Олар жастарға жұмыс жоқ емес, бар жұмысты істемейтін жалқау замандастарымыздың барын айтады. Ал «Уолл Стрит Джорнал» басылымының сарапшылары: «Бір орында ұзақ, тіпті өмір бақи жұмыс істеу келмеске кетті», – дейді. Қысқасы, қазіргі жастар көп жұмыс ауыстырғанды, жаңа кәсіп игергенді, еңбек саласын түрлендіргенді ұнатады екен. Бірақ екі ортада әр нәрсені сылтауратып, сандалып жүріп қалатындар көп.