Қытайда жұмыссыз жастар көбейді. LIVE

Қытайда жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендемей тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Елдің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес қазір жастардың 20%-ға жуығы жұмыссыз. Әсіресе қалаларда жағдай қиындау. Еңбек нарығында бәсекелестік артқан.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жастар жұмыссыздығына әскер еткен фактор көп. Ең бірінші мәселе білім беру жүйесінде. Кейінгі жылдары елдегі жоғары оқу орындары мен колледж бітірген түлектердің мамандығы қазіргі еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес келмейді. Бұл жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге кері әсер етіп отыр. Оған жылда жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан миллиондаған түлектер қосылады. Бәсеке өте жоғары.

Сондай-ақ жұмыс іздеп жүріп қалған жастар тәжірибесіз боп шығады. Ал кәсіпорындар, мекемелер мен өндіріс орындары бірден тәжірибелі жұмысшы алғысы келеді. Оған ауылдан жұмыс іздеп қалаға көшкен тұрғындарды қосыңыз. Биыл 30 миллион адам қалаға қоныс аударған. Бұл да бәсекелестікті арттырып отыр. Бүгінде жұмыс таппай жүргендердің дені – 16 мен 24 жас аралығындағы жастар. Елде еңбек нарығында пандемия кезінде бұзылған тепе-теңдік әлі күнге дейін оңалмай тұр. Кейбір мамандықтар жойылып, көптеген мекемелер мен кәсіпорындарда жаппай қысқарту жүрді. Жаппай қысқартуға алып келген тағы бір фактор – кәсіпорындар жұмысының роботтандырылуы. Өндіріс орындарының көбі заманауи технологияға көшіп автоматтандырылған. Нәтижесінде мыңдаған жұмысшы керексіз боп қалды. Жыл басында жалпы жұмыссыздық күрт өсіп 6,1%-ға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес мемлекет бірқатар жобаны жүзеге асыруының арқасында шілде айында көрсеткіш 5,4% төмендеген. Бұл жөнінде Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі брифинг кезінде мәлімдеді.

Юн Дунлай, ҚХР Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің департамент директоры:

- Биыл алғашқы жарты жылдықта 6,98 млн жаңа жұмыс орны ашылды. Осының арқасында шаһарлардағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Жыл соңына дейін 12 миллион жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қытай жастарды жұмыспен қамту ісінде бірқатар мемлекеттік жобаны жүзеге асырып келеді. Қазір кәсіби даярлау жобаларын субсидиялап, жастарды қолдауға күш салып жатырмыз.

Мемлекет Қытай Халық Республикасы болып құрылғалы бері жұмыссыздық деңгейі 3 рет шарықтау шыңына жеткен. Біріншісі 1973 пен 1979 жылдары болды. Ол кезде бір мезетте 15 миллион халық ауылдан қалаға жаппай көшкен. Оған демобилизацияланған 20 миллионға жуық әскери қосылып, елде жұмыссыздық орын алды. Екіншісі 1998 бен 2001 жылдары тіркелді. Мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау жаппай осы кезеңде болды. Сол тоқырау кезінде 26 миллион адам қысқарып кетті. Бұл мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың төрттен бір бөлігі болды. Үшіншісі пандемия кезінде тіркелді. Жалпы Қытайда әрбір 20 жылда жұмыссыздыққа қатысты тоқырау болып отырады.

Мамандар 2024 жылдың аяғына қарай жұмыссыздық бұдан төмендейді деп болжап отыр. Ол Қытай халқының қартайып бара жатқанымен байланыстырылады. Жүргізілген әлеуметтік талдауға сәйкес биыл Қытайда жұмыссыз жүрген халық санына қарағанда зейнетке шығатындар көп екен.   Яғни жұмыс орындары босайды деген болжам бар.