Сарапшы: Күн мен жел атом энергиясын алмастыра алмайды
Жаһанның 32 елінде 400-ден аса ядролық реактр бар.
Қазір тағы 60-қа жуық атом электр станциясы салынып жатыр. Әлемнің қуатқа қажеттілігі артып барады. Дегенмен ядродан бас тартып жатқан мемлекеттер де кездеседі. Мәселен, Испания 2035 жылға қарай энергияны түгел күн мен желден алуға бекініпті. Алайда ядролық саланың мамандары бұл шешімге түбегейлі қарсы.
Испания халқының саны 50 млн-ға жуық. Мұнда 7 атом реакторы бар. Осылайша, электр қуатының 20%-ін ядро өндіріп жатыр. Алайда биліктің АЭС-тен бас тарту туралы пәрмені жергілікті сарапшыларды таңғалдырды.
Ховенес Нуклеарес ядролық қауымдастығы көшбасшыларының айтуынша, бұл шешім ғылымға мүлдем негізделмеген. «Атомнан алыстау қауіпке немесе экологиялық апатқа байланысты емес, тек саяси бағытқа басымдық беріліп кетті», – дейді мамандар.
Хесус Саиз дэ Оменьяка Тихеро, ядролық сала инженері:
- АЭС – қуат алудың ең қауіпсіз әрі арзан жолы. Одан бас тартуға техникалық немесе ғылыми себеп жоқ. Бұл – саяси шешім. Испан үкіметі қайта жаңартылатын энергия көздеріне басымдық береді. Бұл, әрине, орынды. Бірақ қайта жаңартылатын қуат көздерін қолдану жеткіліксіз. 47 млн адамды қамтамасыз етуге жетпейді. Сол себепті тұрақты энергия көздерін де қосу қажет. Ең дұрыс жол – ядролық энергетика.
Сарапшы: «Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай сынды алпауыттар ядролық энергетиканы дамытып жатқанда Испанияның кері қадам жасауы орынсыз», – дейді. Оның айтуынша, күн мен жел ешқашан тұрақты энергияның орнын баса алмайды. Әлем атомнан бас тартса, энергетикалық коллапстың ауылы алыс емес.
Хесус Саиз дэ Оменьяка Тихеро, ядролық сала инженері:
- Ондаған жыл бойы Испанияның энергетикалық кешенінде ядролық энергия маңызды рөл атқарып келеді. Қоршаған ортаға зиян тигізбейді, айналаға парниктік газдарды бөлмейді. Елді қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Мен ядролық энергетиканы тұрақты түрде қолдану және дамытуды қолдаймын. Салаға қатысты шешім тек ғылыми негізбен қабылдануы керек.
Қазақстанда да тапшылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 13 млрд киловатт/сағаттан асуы мүмкін. Қазір өңірлерде күн мен жел электр станциялары салынып жатыр. Бірақ оның жеткіліксіз болатыны анық. Бізде қуат алып отырған 224 жылу, электр, су станциясы бар. «Олардың 60%-і тозып тұр. Ал атом электр станциясы 60-80 жылға дейін үздіксіз энергиямен қамтамасыз етеді», – дейді сала мамандары.
Асхат Бекбаев, «Ядролық физика институты» бас инженерінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта электр энергиясын тұрақты өндіру үшін атом электр станциясын пайдалану қажет. Жаңартылатын энергия көздеріне келетін болсақ, олар тұрақты емес. Осыған байланысты мен елімізде атом электр станцияларын салу қажет деп санаймын. Қазір су реакторлары қарастырылып жатыр. Себебі олар қауіпсіздік тұрғысынан жоғары деңгей көрсетті. Әлемде әлі ешқандай апат тіркелмеді.
Демек мамандар атом электр энергиясының ең қауіпсіз түрін қарастырып жатыр. Сарапшылар АЭС-ті қажеттілік деп санайды. Одан бас тартып жатқан Еуропа елдері тапшылықтың орнын одақтас мемлекеттердің көмегімен жабады. Бұл жағынан олардың ұпайы түгел. Алайда бізге ішкі сұранысты өзіміз жабу артық етпейді.
Авторы: Бекзат Аманов.