Еуропада 2 млн медицина қызметкері жетіспейді

Дамыды деген Еуропаңызда 2 миллион медицина қызметкері жетіспейді. Америкалық Politico зерттеу басылымы осылай деп дабыл қақты.

Әлемдегі медицина саласының тыныс-тіршілігі туралы бізге Ернат Мелсұлы айтып береді.

Ернат Мелсұлы:

- Францияда тұтас елді мекендер дәрігерсіз қалған. Ал, Португалияда маман жетіспегендіктен перзентханалар жүкті әйелдерді қабылдай алмай жатыр екен.  

 

АҚШ-та 250 мың медбике жетіспейді

Дәрігер тапшылығы жекелеген елдерге немесе аймақтарға тән мәселе емес. Қазір бүкіл жаһанда медицина маманы жетіспейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2035 жылға қарай әлемде 12 миллион білікті дәрігер өте қажет болатынын ескертеді. Аузын айға білеген АҚШ-тың өзінде қазірдің өзінде 250 мың медбике жетіспейді екен. Бұдан 100 миллион америкалық азамат зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қарап отыруға болмайды», дейді. Сарапшылар медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету үшін технологияға көбірек жүгіну керек деген ұсыныс айтады. АҚШ президенті Джо Байден: «медицина саласын қолдау үшін барымызды салып жатырмыз», дейді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Біз медицина саласын қолдауға қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. АҚШ-тағы кейбір озық онкологиялық зерттеу институттары үшін 150 миллион доллар көлемінде ақша бөлеміз. Қазіргі технология арқылы ісіктерді 3 кескінді суретпен көруге мүмкіндік бар. Медицинаны жетілдіруге арналған жол картасы жалғаса бермек.

 

Германиядағы дәрігерлердің 12% шетелдіктер

Германияда да дәрігер тапшы. Сарапшылар мұның себебін жергіліктің халықтың қартаю үдерісімен түсіндіреді. Елдегі дәрігерлердің 14, ал медицина қызметкерлерінің 28%-інің жасы 60-тан асқан. ГФР дәрігерлер тапшылығын шетелдік мамандар есебінен шешуге тырысып әлек. Осы елдің Федералды медициналық палатасының мәліметі бойынша Германияда қазір 60 мыңға жуық шетелдік дәрігер жұмыс істейді. Бұл – елдегі медицина мамандарының 12%-і. Олардың көбі Румыния, Австрия, Грекия, Түркия немесе Сирия сияқты Таяу Шығыс мемлекеттерінен келген. Бірақ шетелдік дәрігер Германияда жұмыс істеу үшін арнаулы лицензия алуға тиіс. Бұдан бөлек, неміс тіліне қатысты 2 емтихан тапсырады.

 

Үндістанда дәрігерлердің 75%-і зорлық-зомбылыққа ұшырайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрігер жетіспейтін елдердің 89%-і кедей немесе орташа елдер екенін алға тартады. Бір ғана Нигериядан 1 жылдың ішінде 75 мың медбике кетіп қалған. Әлемдегі медицина қызметкерлерінің 86%-і жалақысыз жұмыс істейді немесе айлығы шайлығына жетпейді. Медицина қызметкерлерінің жұмыстан кетуінің тағы бір себебі – зорлық-зомбылықтың көп болуы. Кәсіби қызметі үшін таяқ жейтін, қуғын-сүргінге ұшырайтын кездер болады. Үндістанда жүргізілген арнаулы зерттеу елдегі дәрігерлердің 75%-і озбырлық әрекетке ұшырайтынын анықтап берді. Бұл елде заң бойынша медицина қызметкеріне күш көрсеткен адамға 1 миллион рупий айыппұл салынады. «Бірақ мұның өзі нәтиже бермей отыр», - дейді сала мамандары.

Цитата:

- Барлық ауруханаларда медицина қызметкерлірінің қауіпсіздік хаттамасын енгізу қажет. Зорлық-зомбылық жасалған жағдайда жоғары көлемде өтемақы төлеу жүйесін бекіту керек. Дәрігер болып жұмыс істеу қауіпсіз болуға тиіс.

 

Газада дәрігер балаларды тегін емдеп жүр

10 айдан бері Израиль әскері мен ХАМАС арасында қарулы қақтығыс болып жатқан Газа секторында педиатр балаларды тегін емдеп жүр. Лобна Әл-Азиза мұндай ойға маусым айында бекінген. Өзі шатырда тұрады. Әуе шабуылы кезінде үйі қираған. Ақ халатты абзал жан Газада балалар арасында тері ауруларының кең таралғанын айтады. «Бұған аптап ыстық, шатылардың адамға лық толы болуы және таза судың болмауы себеп», - дейді маман.

Лобна Әл-Азиза, бала дәрігері:

- Балаларды тегін емдеу бастамам «Сен менің отбасымсың» деп аталады. Көбіне баспанасынан айырылған, уақытша орында тұрып жатқан адамдарды емдеймін. Қарттарды қарайтын кезім аз емес. Палестиналықтарда қазір қарапайым ғана сабын жоқ. Тұрғындар тіпті қыз балалардың шашын тақырлап алып тастап жатыр. Өйткені шашты жуу, таза ұстау мүлде мүмкін емес. Бізге халықаралық қауымдастықтан шұғыл көмек қажет.

Иә, әлем қарама-қайшылыққа толы. Дамыған елдерде жастар жалақы аз деп медицина саласынан қашып жатса, Газа сияқты қақтығыс болып жатқан аймақтарда дәрігерлер айлықсыз жұмыс істеп жүр. Қазақ «Басты байлық – денсаулық» дейді. Ұлттың саулығын ойлаған ақ халатты абзал жандарға жемісті еңбек тілейміз.