АҚШ-та 3D-принтерде басып шығарылған тұрғын үй орамы қолданысқа берілмек

Көп ұзамай Америкада 3D-принтерде басып шығарылған әлемдегі ең үлкен тұрғын үй орамы қолданысқа берілмек, деп хабарлайды 24kz.

Құрылысы 2 жылға жуық жүрген кешеннің құрылысы қазір аяқталуға жақын. Бір қызығы, ерекше нысандар әлі пайдалануға берілмесе де, оны сатып аламын деушілер көп.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Бұл –Техас штатындағы Остин қаласының іргесіндегі тұрғын үй орамы. Мұнда 100 үй орналасқан. Барлығы ені 14 метрге дейін жететін 3D-принтерде басып шығарылған. Олардың әдеттегі үйлерден артықшылығы сол, нысандар ауа райының қолайсыздығына төзімді келеді. «Құрылыс жұмыстары да жылдам жүреді», - дейді жоба авторлары. Бір қабатты үйді басып шығаруға небәрі 3 аптадай уақыт кетеді екен. Экономикалық жағынан да тиімді. Өйткені құрылыс материалдарынан қалдық аз қалады. Басқа да артықшылықтары жайлы компания өкілдері былай дейді.

Коннер Дженкинс, құрылыс компаниясының аға менеджері:

- Бүгінде Америка ғана емес, бүкіл әлемде жұмыс күші тапшы. Ал бізде әдетте 5 бригада айналысатын құрылыс жұмыстарын енді 1 бригада орындайды. Сосын коронавирус пандемиясы кезінде метариалдарды тасымалдаудан көп қиындық көргеніміз бар. 3D-принтермен жағдай мүлдем басқа. Осының арқасында тиімділік артқаны сөзсіз.

Үйлерді сатып алушылардың айтуынша, қабырғалары салқынды жақсы сақтайды. Шу өткізбейді. Бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, қабырғалардың қалың болуынан Wi-Fi дұрыс жұмыс істемейді.

Лоуренс Нурзад, үй иесі:

- Үйлердің қабырғалары қалың. Бұл біз үшін аса маңызды. Олар Техаста ыстық орнағанда салқынды жақсы сақтайды. Сосын бізде торнадо жиі болып тұрады. Мына баспананың ішінде жел аса қатты сезілмейді. Бірақ интернетті қалай қосамыз деп мәселе қиындық тудырып тұр.

Кешендегі пәтерлердің ауданы 140 пен 200 шаршы метр аралығында. Бағасы 450 мың долллардан басталады. «Бұл дәстүрлі жолмен салынған баспанадан арзан», - дейді жоба авторлары. Сондықтан болар, осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген 100 үйдің төрттен бірі сатылып кеткен.

Чарли Коулман, құрылыс компаниясының өкілі:

- Елімізде баспана тапшылығы барын жақсы білеміз. Сондықтан адамдардың өмірін жеңілдетіп, құрылыс сапасын жақсартатын инновациялар мен жобалардың маңыздылығы зор.

Компания мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келешекте НАСА-мен бірге Ай бетінде түрлі нысандар салуды көздеп отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева