Биыл әлемде киберқауіпсіздікке $200 млрд бөлінеді

Microsoft жүйесіндегі ақаудан кейін киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты көп сұрақ туындады, деп хабарлайды 24kz.

Өткен айда болған келеңсіз жағдайдан әлемдік компаниялардың жұмысы уақытша тоқтап қалған еді. Әсіресе, әуе тасымалдаушылар мен банктер біраз қиналды. Бұл ретте салаға жеткілікті мөлшерде ақша бөлінбейді деген пікірлер жиі айтылып жүр. Жалпы киберқауіпсіздік мәселесі қалай реттелмек?

«»Киберқауіпсіздікке құйылатын қаржыны шығын емес, инвестиция деп қарау керек», - дейді сарапшылар. Өйткені деректердің көпшілікке мәлім болуының салдары зор. Мысалы, 2022 жылы одан 4,5 миллион доллардай шығын келген. Бұдан бөлек, компаниялардың клиенттеріне өтемақысы, заңгерлерге төлейтін ақшасы, беделінің төмендеуі, айыппұлдар тағы бар. Сондықтан сарапшылар киберқауіпсіздікке мейлінше көп қаржы құюға шақырады. Биыл әлемде бұл салаға 200 миллиард доллардан аса ақша бөлінеді деп күтілуде. Ал 2 жылдан кейін көрскткіш 300 миллиардтан асуы тиіс.

 

Туризм саласында киберқылмыс көбейді

Қазір әлемде туризм саласындағы киберқылмыс көбейіп барады. Өйткені коронавирус пандемиясынан кейін сектордағы табыс артып келеді. Мысалы былтыр түскен пайда жаһандық жалпы ішкі өнімнің 3%-іне пара-пар болған. «Қаскөйлердің салаға көз тігуі де осыдан», - дейді сарапшылар. Биыл 200-ден аса тиісті дерек тіркелген. Солардың 92%-інде әлеуметтік инжерения мен веб-қосымшалардың әлсіз болуы себеп болған.

 

Microsoft киберқауіпсіздікке үлес қосқан қызметкерлерге бонус төлейді

Жаһандық деңгейдегі қауіп-қатердің күшейіп келе жатқанын жақсы түсінген Microsoft компаниясы енді қызметкерлерін бағалаудың жаңа жүйесін енгізуді көздеп отыр. Жұмысшының киберқауіпсіздікке қосқан үлесіне қарай оны ақшалай ынталандырады. Кейінгі уақытта технологиялық алпауыттың жұмысына қатысты сын көп айтылып жүр. Былтыр жазда қытайлық хакерлер Outlook электрондық поштасының жазбаларына қол жеткізген. Жыл басында комапниядағы топ-менеджерлердің поштасы көпшілікке мәлім болды. Ал өткен айдағы жаһандық ақаудан кейін тіптен америкалық алпауыттың киберқауіпсіздігіне қатысты сұрақ көбейді.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.