АҚШ-та қараусыз қалған балалар саны артып келеді

АҚШ мамандары ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру керек дейді. Себебі қараусыз қалған балалардың өлім-жітімі көбейіп барады, деп хабарлайды 24kz.

Толығырақ АҚШ-тағы тілшіміз Талғат Алманов тарқатады.

Талғат Алманов, тілші:

- Маусымның 6-сы. 2023 жыл. Огайо штатының Кливленд қаласында халықты дүр сілкіндірген қайғылы оқиға орын алды. 32 жастағы Кристел Канделарио өзінің 1,5 жастағы қызын үйде жалғыз тастап, шетел асып демалысқа кетіп қалған. Медициналық патологоанаттың айтуынша, нәресте 10 күн бойы нәр татпағаннан көз жұмған. Ал анасы өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

Атланта тұрғыны:

- Мұндай ата-аналардың көзін құрту қажет. Барлығын соттап, тиісті жазасын беру керек. Ақыл-есі дұрыс ата-ана өзінің баласын қараусыз қалдырып кетпейді ғой. Мен тіпті мысығымның өзін қараусыз қалдырмаймын.

Қараусыз қалған балалардың өлім-жітімі артып келеді. АҚШ Денсаулық сақтау және адам қызметі департаментінің мәліметі бойынша жыл сайын орташа есеппен 1400-ден астам бала соның салдарынан көз жұмады. «Ең сорақысы, құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалатын жағдайларды анықтау мүмкін емес», - дейді мамандар.

Тамара Ти, бала құқықтары жөніндегі маман:

- Бұл өте күрделі мәселе. Балалар біздің қоғамның ең осал тобына жатады. Бірақ оларға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатқан жоқ.

АҚШ-та балаларды қараусыз қалдыру оларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылықтың ең кең таралған түрі болып саналады. Штатқа байланысты жазасы да әртүрлі. Кінәлі деп танылған ата-анаға айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 6 айдан бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. «Дегенмен, жазаны күшейту мәселені түбегейлі шеше қоймас», - дейді сала маманы.

Тамара Ти, бала құқықтары жөніндегі маман:

- Жазаны күшейту мәселені шешпейді. Оның орнына ата-аналармен жұмыс істеу керек. Бала алдындағы жауапкершілікті жақсылап түсіндіруіміз керек. Жалпы қоғам ретінде саналы болуды үйренуіміз керек деп ойлаймын.

«Жаздың аптап ыстығында балаларға ерекше мұқият болған абзал», - дейді мамандар. Оларды тіпті аз уақытқа да қараусыз қалдыру қауіпті болуы мүмкін. Мәселен, сөндірілген көліктің ішіндегі температура бірнеше минутта тыныс алуға кедергі келтіріп, қараусыз қалған баланың өміріне қатер төндіретін деңгейге жетуі мүмкін.

Талғат Алманов, тілші:

- «Көліктің ішінде қараусыз қалған балалардың саны жыл сайын артып келеді», - дейді мамандар. Биылдың өзінде осындай жағдайдан 18 бала көз жұмған. Ең жасы 2 айлық нәресте. Полиция өкілдерінің айтуынша, анасы оны 4 сағатқа жуық жалғыз тастап кеткен.

Авторы: Талғат Алманов