Малайзияда 11,9 млн абонент 5G технологиямен қамтылған
Әлем елдерінде ақпараттық технологиялар секторы қарқынды дамып, жаһандық экономиканың басты драйверіне айналды.
ІТ-технологиялар тұрмыста ғана емес, бизнес, білім беру, медицина сияқты перспективалық салаларда да жұмысты әлдеқайда жеңілдете түсті. Саладағы көшбасшы ел АҚШ заманауи инновацияның арқасында ақылды қалалар тұжырымдамасын енгізді. Ал Малайзия халықты жоғары жылдамдықтағы 5G интернетімен қамтамасыз етуге көшкен.
Қытайда сандық технология қарқынды дамыған
Әлемдік нарықта сандық технология қарқынды дамыған ел – Қытай. Көршіміз – 5G, озық жасанды интеллект, блокчейн негізіндегі жаңа технологияларды қолданысқа алғаш болып енгізгендердің бірі. 900 миллионнан астам интернет пайдаланушысы бар Қытайдың цифрлық экономикасы бүгінде ЖІӨ-нің 30%-ін құрайды. Әлемдегі электрондық коммерция транзакцияларының жартысына жуығы да дәл осы елдің еншісінде. 2018-2023 жылдары Қытайдың ІТ секторындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шығындары 70% өсті. Ал 2019 жылы көршіміздің жоғары технология өнімдерінің импорты мен экспортының жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларын құраған. Былтыр Қытай 921 мың патентке өтініш берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,3% жоғары.
Америкада «ақылды қала» тұжырымдамасы тиімділігін көрсетті
Заманауи технологияның қолжетімділігі АҚШ-та «ақылды қалалар» жобасын жүзеге асыруға жол ашты. Америкада 14 шаһар ақылды қала тұжырымдамасы бойынша жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – шаһар қонақтары мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Ол үшін энергияны басқару, цифрлық қызмет, ғаламтор сияқты салалар жасанды интеллектіге негізделген технологиялар кеңінен қолданылады. Техастағы Даллас, Иллинойстағы Чикаго, Вашингтондағы Сиэтл – соның айғағы.
Малайзияда 11,9 млн абонент 5G технологиямен қамтылған
Малайзияның ІТ-технология секторы робототехникадан бастап жасанды интеллект, бұлтты технология, блокчейн және киберқауіпсіздік сияқты салалардың барлығын қамтиды. Оның ішінде малайлар гипер масштабты деректер орталығын құруда көп елден алда. Ел билігі 2022 жылы 15,7 млрд АҚШ долларын инвестициялап, жергілікті халықтың шамамен 90%-ін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етті. Соңғы мәліметке сәйкес 11,9 млн тұрғын 5G технологиясымен қамтылған. Үкімет 2025 жылға қарай бұл секторды дамытуға тағы 16,1 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Үндістанда ғылым мен технология қарыштап дамып келеді
Үндістан ғарышты игеру саласына ден қойған. Қазір ол жетекші 5 елдің қатарына кіреді. Ел үкіметі ғылым және технологияны дамыту бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қолданысқа енгізді. Нәтижесінде Үндістанның бұл саладағы шығындары жыл сайын артып келеді. Биыл ел билігі осы секторды дамытуға 138,9 млрд АҚШ доллары жұмсамақ. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2% артық.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.