Оңтүстік Корея мектептерінде цифрлық оқулықтар қолданылады. LIVE

Оңтүстік Корея мектептерінде алғаш рет жасанды интеллектіге негізделген цифрлық оқулықтар енгізілмек.

Бұл жоба елдің кейбір оқу орындарында тестілеуден өтті. Оның нәтижесі қандай? «Ақылды гаджеттер» оқушылардың қабілетіне қалай әсер етті?

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда цифрлық оқулықтарды енгізу мәселесі алғаш рет пандемия кезінде талқыланды. Білім министрлігі әрбір оқушыны тегін планшетпен қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Ал биыл бұл тапсырма іс жүзінде орындалды. Егер 2022 жылдың желтоқсанында орташа есеппен 1 оңтүстіккореялық оқушыға 0,5 ақылды құрылғыдан келсе, өткен жылдың желтоқсан айында бұл көрсеткіш 0,79-ға дейін өсті. Биыл 3 пән, атап айтқанда, математика, ағылшын тілі және информатика бойынша цифрлық оқулықтар енгізіледі. Олар мектептерде жаңа оқу жылында, нақтырақ айтқанда, келесі жылдың наурыз айынан қолданыла бастайды. 2028 жылдан бастап бұл ноу-хау қалған пәндерді де қамтиды. Жасанды интеллектіге негізделген цифрлық оқулық – әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескеретін планшет. Ол метағалам және интерактивті жасанды интеллект сияқты технологияларды пайдаланады. Оңтүстік Корея Білім министрлігі жаңа оқулықтардың мүмкіндіктерін 60 мектепте сынақтан өткізді. Шенеуніктер, мысалы, Тэгу қаласындағы мектеп оқушыларының оқуға деген құштарлығы 53%-тен 64%-ке, үйренуге деген құштарлық 46%-тен 60%-ке, жауапкершілік сезімі 60%-тен 71%-ке артқанын хабарлады.

Иә, қиындықтар бар. Бұл оқулықтардың қолданысқа енгізілуіне мұғалімдер кәсіподағы мен кейбір Парламент депутаттары қарсылық білдірді. Олар балаларды жасанды интеллект арқылы оқытуды асығыстық деп санайды. Өйткені көптеген мұғалім мұндай технологияны білмейді. Сондықтан Оңтүстік Кореяның Білім министрлігі биыл мұғалімдерді цифрлық оқытудағы инновацияларға үйрету үшін 381,8 миллиард вон немесе шамамен 282 миллион доллар қаржы бөлмек. Кейбір провинциялар, мысалы, Кёнги ата-аналарды цифрлық сауаттылыққа үйретеді. Мектептерде жаңа кадрлар пайда болады. Биыл әр мектепке 1200 цифрлық репетитор бекітіледі. Бұл мамандар цифрлық құрылғыларды реттеуге және оларды қуаттауға жауапты болады. Бұған қоса Білім министрлігі желі жылдамдығын тексеру, жақсарту және оған қосылуды реттеу үшін әр мектепке 10 миллион вон немесе 7 370 доллар бөлмек. Сонымен қатар Сеул және провинциялық 17 білім департаментінде мектептердегі цифрлық құрылғыларды пайдалануды бақылау үшін қолдау тобы құрылады.